Франциядағы тәртіпсіздіктер кезінде 3 мың дүкен зардап шекті
Францияда демалыс күндері болған жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан кемінде 3 мың дүкен тоналған немесе бүлінген. Бұл бір күн бұрын жарияланған көрсеткіштен екі есе көп.
Euronews хабарлауынша, сауда саласына келтірілген шығын жүздеген миллион еуроға бағаланып отыр. Тек Carrefour сауда желісінің 50 дүкені зардап шеккен, оның 20-сы тоналған.
Сақтандыру компаниялары әзірге жалпы шығын көлемін есептеп шығарған жоқ. Кейбір кәсіпкерлер дүкендердің жабылуына байланысты жоғалтқан табысы үшін өтемақы алмауы мүмкін.
Тәртіпсіздіктер қаржы нарығына да әсер етті. Францияның CAC 40 қор индексі 1,1 пайызға төмендеді.
Үкімет зардап шеккен кәсіпорындарды қолдау шараларын жариялады. Тәртіпсіздіктерге қатысқан 2 400-ден астам адам ұсталды.