Франциядағы наразылықтар кезінде 500-ден астам адам ұсталды
Францияда мектеп оқушылары білім беруге көбірек қаражат бөлуді талап етіп ұйымдастырып жатқан наразылық акциялары үшінші күн қатарынан жалғасты. Парижде және басқа қалаларда полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Ел бойынша 500-ден астам адам ұсталған.
Сейсенбі күні өткен наразылық акцияларына 250 мыңнан астам адам қатысқаны, ал Париждің өзінде 56 мың адамның көшеге шыққаны хабарланды. Жалпы бейбіт өткен ел астанасындағы акция соңында жекелеген топтар полициямен қақтығысқан. Марсель, Страсбург және басқа қалаларда да ірі жиындар өтті. Елдегі 3 700 мектептің 891-інде сабақтар толық немесе ішінара тоқтатылды.
Оқушылар сынып бөлмелерінің ескіргеніне, парта мен орындықтардың жетіспейтініне, жаз мезгілінде бөлмелердің шамадан тыс ысып кететініне, тіпті кейбір мектептерде егеуқұйрықтардың пайда болғанына наразылық білдірген.

Мұндай наразылық акциялары Эммануэль Макрон үкіметіне қысымды одан әрі күшейтіп отыр. Екі аптадан астам уақытқа созылған сабаққа бойкот жариялау және мектептерді қоршау шаралары барысында 6 500-ден астам адам, негізінен кәмелетке толмағандар ұсталған.
Елдің білім министрі Эдуар Жеффренің мәліметінше, наразылықтар басталғалы бері 85 мұғалім, 215 оқушы және 715 полиция қызметкері жарақат алған. Премьер-министр Себастьен Лекорню мектептердегі зорлық-зомбылықты айыптап, полиция әрекетіне байланысты кез келген «оқыс оқиға» тексерілетінін мәлімдеді. Ал оқушылардың жекелеген топтары жаңа наразылық акцияларын бейсенбі күні өткізуге шақыруда.