Өзбекстанда энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған меморандумға қол қойылды
«Өзбекстан энергетика апталығы» аясында Энергетика министрлігі, «Silk Road Energy Planning and Engineering» ЖШС және Huawei компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат энергетика жүйесі нысандарын заманауи техникалық шешімдер негізінде сынақтан өткізу, электр желілерінің жұмысын барынша тұрақты ұйымдастыру және жүйе қауіпсіздігін күшейтуді көздейді. Сондай-ақ жоба аясында жаңартылатын энергия көздерін ұлттық энергетика жүйесіне тиімді енгізудің озық тәсілдері қолданылатын болады.
Меморандум негізінде нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін симуляциялық платформалар мен «Hardware-in-the-Loop» (HIL) технологияларын енгізу жоспарланған. Бұл арқылы электр станциялары, қосалқы станциялар және басқару жүйелері түрлі төтенше жағдайларда тексеріліп, олардың сенімділігі бағаланады.
Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған ынтымақтастық энергетика саласында инновациялық технологияларды кеңінен енгізуге, халықаралық тәжірибені тартуға және саланың тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.