Өзбекстан «ISO Food Security» ұйымының жарғысына қосылды
Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өтіп жатқан іс-шаралар аясында Өзбекстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Ибрахим Абдурахманов Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы – «Islamic Organisation for Food Security» жарғысына ресми түрде қосылу туралы құжатқа қол қойды.
Аталған құжат Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) құрамына кіретін мемлекеттер арасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту және бірлескен ынтымақтастық платформасын қалыптастыруды көздейді.

Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының негізгі міндеттері – мүше елдердің қолда бар ресурстарын біріктіру, озық тәжірибе мен технология алмасуды жолға қою, сондай-ақ салаға инвестициялар тартуды ынталандыру болып табылады.

Бұл қадам Өзбекстанның жаһандық азық-түлік тапшылығы, климаттың өзгеруі салдары, шөлейттену мен жердің тұздануы сияқты өзекті мәселелерге қарсы халықаралық күш-жігерге қатысуын одан әрі кеңейте түседі.