Өзбекстанның алтын-валюта резервтері 70 миллиард доллардан асты
Өзбекстан Орталық банкінің алтын-валюта резервтерінің көлемі 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 70,9 миллиард долларға жетті.
Сәуір айында резервтер шамамен 2 миллиард долларға артса, наурыз айында керісінше 8,1 миллиард доллар көлемінде төмендеу байқалған еді.
Орталық банк мәліметінше, резерв құрамындағы алтын активтерінің құны 743,6 миллион долларға өсіп, жалпы көлемі 61,6 миллиард долларды құрады. Сонымен қатар алтынның физикалық көлемі біршама азайған. Атап айтқанда, наурыз айында 13,4 миллион трой унция болған көрсеткіш сәуір соңында 13,3 миллион трой унцияға дейін төмендеген.
Әлемдік нарықта алтын бағасының өсуі резервтердің құнының артуына негізгі фактор болды. Сәуір айында бір трой унция алтынның бағасы 1,6 пайызға қымбаттап, 4 625,8 доллар деңгейіне жетті. Соның нәтижесінде физикалық көлем азайғанына қарамастан, алтын активтерінің жалпы құны жоғары деңгейде сақталып қалды.
Орталық банк портфеліндегі халықаралық бағалы қағаздар көлемі сәуір айында өзгеріссіз қалып, 1,5 миллиард доллар деңгейінде болды. Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысында бұл активтердің айтарлықтай өскені атап өтілді. Атап айтқанда, өткен жылы халықаралық бағалы қағаздар портфелі 101,7 миллион доллардан 1,5 миллиард долларға дейін артқан.
Шетел валютасындағы резервтер де өскен. Сәуір айында олардың көлемі 7,6 миллиард доллардан 8,7 миллиард долларға жетті.
Халықаралық резервтердің артуы елдің қаржылық тұрақтылығын нығайтуда, сыртқы экономикалық қауіптерге төзімділігін арттыруда және ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Өзбекстан 25 тонна алтын сатып алып, әлемде ең көп алтын сатып алған елдер арасында екінші орынға ие болған еді.