Қазақстанда мектеп бітіру кешін мейрамхана мен табиғатта өткізуге тыйым салынды
Қазақстанда мектеп бітіру кешін мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынды.
KAZINFORM мәліметінше, биыл Қазақстанда оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.
Оқу жылының аяқталуына орай елде түрлі іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге тыйым салынған.
— Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.
Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады, — делінген хабарламада.