ДДСҰ Эбола вирусына байланысты төтенше жағдай жариялады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкада Эбола індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады.
DW басылымының хабарлауынша, жарияланған төтенше жағдай қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы қауіптің екінші ең жоғары деңгейі болып саналады. Бұдан жоғары тек пандемия деңгейі бар, алайда ұйым қазіргі жағдайдың әлі бұл деңгейге жетпегенін атап өткен.
Эболаның Бундибугио штаммының таралуы Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда елдерінде 88 адамның өмірін қиып, жалпы 330-дан астам жағдай тіркелген. ДДСҰ-ның ескертуінше, нақты жағдайлар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
15 мамыр күні Конго Демократиялық Республикасының жиі қарулы қақтығыстар болып тұратын Итури провинциясының билігі Эбола індеті туралы хабарлады. Ал Угандада да Бундибугио штаммын жұқтырған бір адам қайтыс болған.
Конгоның денсаулық сақтау министрі Самуэл Рожер Камбаның мәлімдеуінше, бұл штаммға қарсы вакцина да, арнайы емдеу тәсілдері де жоқ, ал өлім-жітім деңгейі 50 пайызға дейін жетеді.
Бұл басталған індет Конгодағы Эбола вирусының 17-ші толқыны болып отыр. Бұған дейінгі өршу 2025 жылдың тамыз айында тіркеліп, сол кезде 34 адам көз жұмған еді.