АҚШ-та шарықтаған жанармай бағасы Ақ үйге түрлі мәселе туындатып отыр
Иран төңірегіндегі қақтығыс созылып жатқан тұста, АҚШ-та жанармай бағасының күрт өсуі президент әкімшілігі үшін жаңа саяси әрі экономикалық мәселе тудырып отыр.
Reuters басылымының жазуынша, Ақ үйдің қазіргі уақытта жанармай бағасын төмендетуге қатысты мүмкіндіктері шектеулі. Мәліметке сәйкес, Дональд Трамп әкімшілігі федералдық бензин салығын уақытша алып тастау мәселесін қарастыруда.
Сонымен қатар, АҚШ мұнай нарығындағы жағдайды жіті бақылап отыр. Әсіресе, Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіске байланысты әлемдік мұнай жеткізілімінің үзілу қаупі күшейіп келеді. Өйткені бұл дәліз арқылы әлем мұнайының шамамен бестен бірі тасымалданады.
Президент Дональд Трамп журналистермен сөйлесу барысында Иранның ядролық қаруға ие болмауы керектігін мәлімдеді. АҚШ Энергетика министрлігі ішкі нарықтағы қысымды азайту мақсатында стратегиялық мұнай қорынан қосымша 53,3 миллион баррель мұнай бөлінетінін хабарлады.