Үндістандағы алапат дауылдан жүзден астам адам қаза тапты
Үндістанның Уттар-Прадеш штатында болған жойқын дауыл салдарынан 100-ден астам адам көз жұмды.
13 мамыр күні кешкі уақытта Үндістанның аталған өңірінде қатты дауыл соғып, нөсер жаңбыр мен екпіні күшті жел соққан. Желдің жылдамдығы сағатына 100 шақырымнан асты.
Дауыл ағаштарды тамырымен жұлып, жарнамалық құрылымдарды қиратып, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарына айтарлықтай зиян келтірген.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандар саны 111 адамға жетіп, тағы 72 адам жарақат алған. Көптеген өлім жағдайлары ағаштар мен түрлі құрылымдардың құлауы және найзағай соғуы салдарынан болған. Мамандар сондай-ақ көптеген жануарлардың да қырылғанын айтады.
Құтқарушылар үйінділерді тазалау және табиғи апат салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта шығын көлемін анықтау және зардап шеккендерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде.