Президент Шавкат Мирзиёев 27 маусым күні Жызақ облысына келіп, «BYD Uzbekistan Factory» бірлескен кәсіпорнының қызметімен танысты.
Зауыт биылғы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысының Қытайға сапары кезінде іске қосылды. Құны 160 миллион доллар болатын жобаның бірінші кезеңі аясында жылына 50 мың электромобиль шығару мүмкіндігіне ие.
Ол үшін бірлескен кәсіпорын заманауи индустриялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. 2 шақырымға жуық теміржол төселді. Өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін жинақтаушы бұйымдар қоймасы, 1200 контейнерлік логистикалық орталық салынды.
Зауытқа роботтық жүйелер мен жабдықтар Қытайдан әкелінді. Өндіріс процесі автоматтандырылған. Электромобильдің геометриялық өлшемдерін жоғары дәлдікпен тексеретін зертхана құрылған.
Президент осы мүмкіндіктерді қарастырып, қытайлық әріптестермен сұхбаттасты.
Қазір мұнда Chazor және Song Plus Champion моделдері шығарылады. Шавкат Мирзиёев алғашқы электромобильдерге қол қойды.
Осында Мемлекет басшысына өндірісті жергіліктендіру туралы ақпарат берілді.
Алдағы жылдары зауытта моделдер қатарын кеңейту жоспарлануда. Екінші кезеңде құны 300 миллион доллар болатын электромобильдер санын жылына 200 мың данаға, үшінші кезеңде құны 500 миллион долларды құрайтын 500 мың данаға дейін жеткізу жоспарланған.
Жоспарлар ауқымды, соған сәйкес жұмыс жылдам. Электромобильдер саны артқан сайын жергіліктендіру дәрежесі де біртіндеп артады. Ең алдымен, бампер, айна, лак-бояу және пластик бөлшектерді өзімізде шығару қолға алынбақ. Кейінірек аккумулятор, электр қозғалтқышы, алюминий бөлшектері, дөңгелектер, орындықтар шығарылады.
Бұл жаңа салада бәсекеге қабілетті болу үшін инновациялар мен жетілген мамандар қажет. Сондықтан білім мен дамуға бағытталған «R&D орталығын» құру, ғылым мен инженерлік жетістіктерді дәйекті түрде қолдау қажеттігі баса айтылды. Өндірісті жергіліктендіру жобалары арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендету шаралары талқыланды. Алдағы мақсат – аймақтық нарықтарға шығу.
Бүгінде кәсіпорында 1200 адам жұмыс істейді. Өткен жылы «Uzautoмotors» зауыттарында 200 жұмысшы біліктілігін арттырды. Биыл тағы 92 маман Қытайдың Сиань және Чанша қалаларында сапаны бақылау, технология, жабдықтау және жабдықтарға қызмет көрсету сияқты салалар бойынша білім алады. Үш кезең енгізілгеннен кейін жұмыс орындарының саны 10 мыңға жетеді.