Президент Паркенттегі отбасылық демалыс кешенінің жұмысымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Паркент ауданының «Кумушкон» махалласындағы орналасқан «Silver Valley» отбасылық демалыс кешенінің қызметімен танысты.
Өзбекстанда туризмді дамытуға, қызметтер экспортын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте Ташкент облысының, әсіресе таулы аймақтарының табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды.

Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 сәуірдегі «Өңірлерде туризм инфрақұрылымын жедел дамыту және салаға жобалық басқару жүйесін енгізу шаралары туралы» қаулысына сәйкес, еліміздің әр өңірінде заманауи туристік кешендер бой көтеріп жатыр.
«Silver Valley» отбасылық демалыс кешені де осындай жобалардың бірі. Ол табиғат аясында жайлы демалыс ұйымдастыруға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Жалпы құны 148,5 миллиард сум болатын кешен 29,5 гектар аумақты алып жатыр. Жоба аясында 200 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Мұнда жалпы 120 орынды 12 шале үлгісіндегі үй, заманауи қабылдау ғимараты, 300 орындық мейрамхана, 200 адамға арналған 12 киіз үй-мейрамхана, 100 орындық терраса-кафе және төрт СПА кешені салынған.

Сондай-ақ демалушылар үшін танымдық соқпақ, воркаут алаңдары, зиплайн және тюбинг аттракциондары, жазғы кинотеатр мен 10 түрлі аттракционнан тұратын ойын-сауық алаңы ұйымдастырылған.
Кешен толық іске қосылғанда тәулігіне 2,7 мыңға дейін қонақ қабылдай алады.

Мемлекет басшысы осында жасалған жағдай және атқарылған құрылыс жұмыстарымен танысып, туристерге жергілікті өнімдер негізінде қызмет көрсету, кәсіпкерлерді қолдау және осындай демалыс орындарын басқа да таулы аймақтарда көбейту қажеттігін атап өтті.
Президентіміз тұрғындармен әңгімелесу барысында халықтың тұрмыс деңгейі артқан сайын мазмұнды демалысқа деген сұраныс та көбейіп келе жатқанына назар аударды.

– Адамдардың табысы көбейіп, тұрмысы жақсарған сайын олар демалатын қолайлы орын іздейді. Паркентте осындай жағдай жасасақ, мұнда отбасылар балаларымен бірге келіп тынығады. Мұндай туристік орындарды жыл сайын көбейте берсек, тек Ташкенттен ғана емес, еліміздің барлық өңірінен адамдар келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Мұндай жобалар туризмді дамытумен қатар, халықтың демалысына қолайлы жағдай жасауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпкерлікті өркендетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы елде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің басты мақсаты – адам мүддесін қорғау және халықтың өміріне ризашылығын арттыру екенін атап өтті.
– Бүгін Паркентке келгендегі мақсатым – осы өңірдің мүмкіндіктерін кеңейту және паркенттіктердің өзгерістерге деген сенімін нығайту. Барлық жұмысымыз әрбір адамның өз өміріне риза болуына бағытталған, – деді Шавкат Мирзиёев.

Сондай-ақ қол жеткізілген нәтижелермен шектелмей, жаңа бастамаларды жүзеге асыру және халықтың бойында «қолдан келетін іс екен» деген сенімді қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Келушілердің өңірде ұзағырақ аялдауына мүмкіндік жасау, қосымша қызмет түрлерін көбейту және қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар айтылды.
