Өзбекстан 90-нан астам елге IT қызмет көрсетіп отыр
Бүгінгі таңда Өзбекстанда ақпараттық технологиялар саласы стратегиялық бағыт ретінде айтарлықтай дамыды. Соның нәтижесінде IT өнімдері мен қызметтерінің экспортын едәуір арттырды.
Цифрлық экономиканы қалыптастыру, мамандар даярлау және халықаралық нарыққа шығу үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды.
2019 жылы құрылған «IT Park Uzbekistan» елдегі IT компаниялар үшін негізгі таптырмас алаң болды. Бүгінде парк резиденттері салық жеңілдіктеріне, валюта операцияларын жеңілдетілген түрде жүргізуге және шетелдік тапсырыс берушілермен жұмыс істеуде құқықтық қолдауға ие болып отыр. Соның нәтижесінде қазіргі таңда жүздеген IT компания бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, мобильді қосымшаны жасау, аутсорсинг, киберқауіпсіздік және қаржы технологиялары бағыттарында жұмыс істеп келеді. IT өнімдерінің экспорты негізінен АҚШ, Еуропа елдері және ТМД нарығына бағытталған.

Осынау жасалған мүмкіндіктердің арқасында соңғы үш жылда шетелдік капиталдың қолдауымен ашылған кәсіпорындар саны 1,8 есеге өсіп, 1398-ге жетті. IT-парк резиденттері саны үш есе артуының нәтижесінде 3435 болды. Шетелдік капиталы бар резиденттер саны 6,2 есеге көбейіп, 972-ге жетті.
Цифрлық технологиялар министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы 27 инвестициялық жоба аясында 1,1 миллиард доллар инвестиция игерілген. Шетелдік инвестиция мен несие көлемі 720 миллион долларды құрады. Соңғы үш жылда экономикаға тартылған 2,7 миллиард доллар инвестицияның 74 пайызы шетелдік қаржы көздерінен келген. Өткен жылы салада 79,5 триллион сум көлемінде қызмет көрсетілген. 2023 жылдан бері жалпы қосылған құн орта есеппен 23,4 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімге қарағанда 3,4 есе жылдам дами түсті.
Жалпы айтқанда, қазіргі таңда IT-парк резиденттерінде 51000 жоғары табысты жұмыс орны бар. Қызмет экспорты 3,2 есеге өсіп, 323 миллион доллардан 1 миллиард долларға жеткен.

IT экспортын дамыту мақсатында АҚШ, Германия, Жапония, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея және Қытайда IT-парк өкілдіктері ашылды. Экспорттаушы резиденттер саны 2,6 есе артып, 900-ге жетті. 2022 жылы IT және қашықтан қызмет көрсету экспорты 46 елге бағытталған болса, қазір бұл көрсеткіш 90-нан астам елді қамтып отыр.
Сонымен қатар IT-парк резиденттері 33,4 триллион сум көлемінде қызмет көрсетіп, оның 650 миллион доллары экспортқа бағытталған.
«Цифрлық стартаптар бағдарламасы» аясында 20-дан астам инкубация және акселерация бағдарламасы іске қосылып, 160-қа жуық стартапқа қолдау көрсетілген. Жергілікті венчурлық қорлар саны 15-ке жетіп, олардың жалпы жарғылық капиталы 180 миллион доллардан асты. Стартаптарға 300 миллион доллар көлемінде венчурлық инвестиция бағытталды.
Осы орайда айта кеткен жөн, елдің стартап экожүйесі «Global Startup Ecosystem Report» рейтингінде 12 сатыға көтеріліп, 98-орынға енді және үздік 100-дікке кірді. Рейтингке сәйкес, Ташкент Орталық Азиядағы ең жылдам дамып келе жатқан стартап экожүйесі мәртебесіне ие болды.
«Startup Genome» халықаралық компаниясы елдің стартап экожүйесі өсу қарқыны бойынша әлемде көшбасшылар қатарында екенін мойындады. Ал «Dealroom» деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда стартап экожүйесінің құны 13 есе өсіп, 3,9 миллиард долларға жеткен.
Қорыта айтқанда, қысқа мерзім ішінде Өзбекстан IT өнімдерінің экспорты арқылы жаһандық цифрлық нарықтағы орнын нығайтып келеді. Мемлекеттік қолдау, жас мамандар әлеуеті және халықаралық әріптестік елді Орталық Азиядағы ірі IT хабтардың біріне айналдыруға мүмкіндік беріп отыр.