Өзбекстанда IT-виза алу мүмкіндігі кеңейтілді
Өзбекстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен жаңа ережеге сәйкес, елде ақпараттық технологиялар саласының өкілдеріне берілетін IT-visa қамту аясы кеңейтілді. Енді бұл арнайы виза түріне тек IT мамандары ғана емес, сонымен қатар саланың дамуына үлес қосып жүрген инвесторлар мен ғалымдар да үміткер бола алады.
Жаңа тәртіп бойынша IT-visa алуға құқылы санаттардың тізімі кеңейтілді. Бұдан былай салаға инвестиция салған немесе осы бағытта жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар мен мамандар да аталған визаны рәсімдей алады. Сондай-ақ IT Park Uzbekistan резиденті болып табылатын компаниялардың құрылтайшылары, атқарушы директорлары және олардың орынбасарлары да бұл жеңілдікті пайдалану мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар цифрлық стартап бағдарламаларына қатысып жүрген жобалардың негізін қалаушылар мен мамандар да IT-visa алу құқығына ие болады. Жоғары оқу орындарында ақпараттық технологиялар бағыты бойынша сабақ беретін, PhD немесе DsC ғылыми дәрежесі бар шетелдік профессор-оқытушылар да тиісті тізімге енгізілген.
Атаулы құжатта қаржылық талаптар да нақты белгіленген. Атап айтқанда, инвестор Өзбекстандағы IT компаниясына кемінде 30 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуы немесе кәсіпорынның жарғылық капиталында осындай үлеске ие болуы қажет. Сондай-ақ технопарк резиденті саналатын компаниялардың құрылтайшылары үшін де үлес мөлшері осы деңгейден төмен болмауы тиіс.
Тағы бір маңызды жайт — IT-visa иесі мен оның жақын отбасы мүшелері (жұбайы, ата-анасы және балалары) Өзбекстан аумағында мемлекеттік медициналық қызметтерді ел азаматтарымен бірдей жеңілдетілген тариф бойынша пайдалана алады.
Бұл өзгерістер елде цифрлық экономиканы дамытуға, сондай-ақ шетелдік IT мамандары мен инвесторларды көбірек тартуға бағытталған. Осынау бастама Өзбекстанның халықаралық IT-нарықтағы тартымдылығын арттырып, елді аймақтағы жетекші цифрлық хабтардың біріне айналдыруға ықпал етеді.