Уоррен Баффет 5,5 миллиард долларға жуық акциясын қайырымдылыққа бермек
Америкалық миллиардер Уоррен Баффет өзіне тиесілі «Berkshire Hathaway» инвестициялық компаниясының шамамен 5,5 миллиард долларлық акциясын балалары басқаратын қайырымдылық ұйымдарына сыйға тартпақ.
Бұл туралы компания таратқан мәлімдемеде айтылған.
«Бүгін компанияның құрметті төрағасы Уоррен Баффет А санатындағы 6 150 акцияны В санатындағы 9 225 000 акцияға айырбастап, оларды төрт отбасылық қорға қайырымдылық ретінде береді», – делінген мәлімдемеде.
Бір акцияның құны – 592,85 доллар. Жалпы қайырымдылық көлемі шамамен 5,47 миллиард долларға бағаланып отыр.
Мұрагерлердің әрқайсысының өз қайырымдылық жобалары бар. Мәселен, Сьюзан Баффет білім беру жүйесін қолдаса, Ховард Баффет аштықпен күресуге және қақтығыстардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге күш салады. Ал Питер Баффет жергілікті қауымдастықтарды қолдауға басымдық береді.
Уоррен Баффет 1986 жылы миллиардер атанып, «Berkshire Hathaway» инвестициялық холдингін құнды инвестициялау стратегиясының арқасында ірі корпорацияға айналдырды. Қазіргі таңда ол әлемдегі ең бай адамдар тізімінде оныншы орында тұр.