АҚШ университеттерінде шетелдік студенттер саны азайып барады
АҚШ жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік студенттер саны 9 пайызға қысқарған.
Bloomberg ақпарат агенттігінің хабарлауынша, студенттер санының ең көп төмендеуі аспирантурада байқалған. Күз айларында бұл санаттағы білім алушылар қатары шамамен 15 пайызға азайған. Ал бакалавриатта оқитын шетелдік студенттер саны 3 пайызға қысқарған.
Халықаралық білім институты зерттеу аясында АҚШ-тағы 800-ден астам жоғары оқу орнының өкілдері арасында сауалнама жүргізген. Қатысушылардың пікірінше, мұндай өзгеріске АҚШ-тың визалық саясаты мен елдегі жоғары білім алу құнының өсуі себеп болған.
Шетелдік студенттер санының азаюы америкалық университеттер үшін қосымша қаржылық қиындықтар туғызып отыр. Өйткені шетелден келген студенттердің басым бөлігі оқу ақысын толық төлейтін еді.
Айта кетейік, 2025 жылы АҚШ-қа жасалған сапарлар саны да 5,5 пайызға азайған. Бұл – коронавирус пандемиясы басталғалы бері тіркелген алғашқы төмендеу.