Оңтүстік Африкада атыс салдарынан 17 адам қаза тапты
Оңтүстік Африка Республикасының астанасы Претория қаласының батыс бөлігіндегі ауданда тоғыз адам оққа ұшқан күйде табылды.
Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға жексенбі күні кешке Аттериджвилл аумағындағы Джеффсвилл бейресми қонысында болған. Қаза тапқандардың арасында үш әйел бар. Марқұмдар уақытша баспана ішінде атыс қаруынан атылған. Әзірге қылмыстың себебі белгісіз, күдіктілер ұсталған жоқ.
Құқық қорғау органдары Квазулу-Натал провинциясында болған тағы бір қанды оқиғаға қатысты тергеу бастағанын хабарлады. Жексенбі күні кешке Питермарицбург қаласының шетіндегі көліктің ішінен атыс қаруынан қаза тапты деген болжам бар сегіз адамның мәйіті табылған.
Айта кетейік, Оңтүстік Африка кісі өлтіру деңгейі ең жоғары елдердің қатарына кіреді. Елде тәулігіне орта есеппен 60-қа жуық адам кісі қолынан қаза табады.