Ташкент қаласында Өзбекстан Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі мен Қазақстан Сауда және интеграция министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Өзбекстан–Қазақстан бизнес форумы өтті.
Жиында екі елдің министрліктері, салалық бірлестіктері және компанияларынан 100-ден астам өкілі қатысты. Олар қатарында «QazTrade» АҚ, «Kedentransservis» АҚ, «iMas Group», «Medial Group», «Asyl Dan Trade», «StalTsink», «Empire Food» және басқа да ұйымдар бар.

Іс-шара барысында Өзбекстан Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Хуррам Тешабаев пен Қазақстан Сауда және интеграция министрінің орынбасары Айдар Әбілдабеков сөз сөйлеп, қазіргі экономикалық байланыстар және оларды жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне тоқталды.
Форум аясында Өзбекстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, G2B және B2B форматындағы кездесулер өтті. Сондай-ақ азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірнеше ынтымақтастық келісімдерге қол қойылды.

Айта кетсек, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында екі ел арасындағы сауда айналымы 3,5 миллиард долларды (+16 пайыз) құраған, оның 1,1 миллиард доллары (+7 пайыз) Өзбекстан экспортының үлесіне тиесілі. Қазіргі таңда елде қазақстандық капитал қатысқан 1157 кәсіпорын жұмыс істейді.