Ташкент мемлекеттік көлік университеті «Women in Transport» халықаралық желісінің мүшелігіне қабылданды
Манила қаласындағы Азия даму банкі штаб-пәтерінде «Women in Transport Network» халықаралық желісінің ресми ашылу рәсімі өтті.
Өзбекстан Көлік министрлігі мәліметіне сәйкес, іс-шараға үкіметтер, халықаралық ұйымдар, көлік компаниялары мен жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Жиында инклюзивті көлік жүйесін дамыту, әйелдердің саладағы үлесін арттыру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелері талқыланды.
Алқалы басқосуда болған маңызды жағдайдың бірі — Ташкент мемлекеттік көлік университеті «Women in Transport Network» халықаралық желісіне қабылданған жалғыз жоғары оқу орны болды.
Айта кетсек, «Women in Transport (WiT) Network» — көлік саласындағы әйелдердің қатысуын кеңейтуге, олардың көшбасшылық әлеуетін қолдауға және инклюзивті көлік жүйесін дамытуға бағытталған халықаралық желі. Жоба Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропалық инвестициялық банк, OECD Халықаралық көлік форумы және GIZ қолдауымен құрылған.
Бұл нәтиже университетте жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың, халықаралық ашықтықтың және заманауи көлік білімін дамыту бағытындағы жұмыстардың нақты жемісі ретінде бағаланды.