Франция делегациясымен кездесуде Өзбекстанның көлік жүйесін дамыту мәселелері талқыланды
Өзбекстанда қалалық көлік инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи көлік шешімдерін енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте Франциямен ынтымақтастықты кеңейту, озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені тарту мәселелеріне басымдық беріліп отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, ӨР Көлік министрі Илхом Махкамов Франция Сыртқы істер министрлігінің қалаларды орнықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Жерар Вольф пен Франция Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уалид Фук бастаған делегациямен кездесіп, Өзбекстанның көлік жүйесін дамыту жолдарын талқылады.
Атап айтқанда, қалалық көлік пен Жаңа Ташкентке арналған инновациялық шешімдерге баса назар аударылды.
Кездесуге Францияның «Alstom», «IVECO» және «Dassault Systèmes» компанияларының өкілдері де қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар Өзбекстан Республикасының көлік саласындағы басым бағыттарын, соның ішінде қалалық көлікті дамыту, сондай-ақ қала ішінде және одан тыс аумақтарда көлік қатынасын қамтамасыз ететін мультимодальды шешімдерді талқылады.
Сонымен қатар қалалық көліктің әртүрлі түрлеріне ұзақ мерзімді қызмет көрсету мен оларды пайдалану үшін жергілікті операторлар мен техникалық мамандарды оқыту, сондай-ақ халықтың тұрақты әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ететін мультимодальды көлік жүйесін (пойыздар, метро, автомобильдер) қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, Жерар Вольф Жаңа Ташкенттің көлік жүйесін құру кезінде көміртегі шығарындыларын азайтуға, көлік құралдарының тиімділігі мен мультимодальдылығына айрықша мән беру қажеттігін атап өтті.