Статистика: Өзбекстандағы студенттер саны тарихи рекордқа жетті
2025/2026 оқу жылының басында Өзбекстандағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер саны 1 млн 535 мың адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика комитеті хабарлады.
Аталған көрсеткіш 1991/1992 оқу жылымен салыстырғанда 1 млн 197,6 мың адамға немесе шамамен 4,6 есе көп.
Статистикаға сәйкес, тәуелсіздіктің алғашқы оқу жылында республикада 337,4 мың студент білім алған. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төмендеп, 1995/1996 оқу жылында 192,1 мыңға, ал 2000/2001 оқу жылында 183,6 мың адамға дейін азайған.
Одан кейін студенттер саны біртіндеп қайта өсе бастады. Ең жоғары өсім 2020 жылдан кейін байқалды. Атап айтқанда, 2020/2021 оқу жылында 571,5 мың студент тіркелсе, 2021/2022 оқу жылында бұл көрсеткіш 808,4 мыңға жетті.
2022/2023 оқу жылында студенттер саны 1 млн 42,1 мыңды, 2023/2024 оқу жылында 1 млн 314,5 мыңды, ал 2024/2025 оқу жылында 1 млн 432,8 мың адамды құрады.
2025/2026 оқу жылында студенттер саны 1 млн 535 мыңға жетіп, Өзбекстанның жоғары білім беру жүйесі тарихындағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді. Бұл Өзбекстандағы жоғары білімнің қолжетімділігі артып, жаңа жоғары оқу орындарының ашылуы мен қабылдау квотасының көбейуінің нәтижесі саналады.