Президент Сух ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жиналыс өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев Ферғана облысының Сух ауданын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту бойынша жиналыс өткізді.
Атап өтілгендей, бұрын Сух ауданы жетуі қиын, көлік және логистика мүмкіндіктері шектеулі, экономикалық байланыстары әлсіз өңірлердің бірі болған. Кейінгі жылдары өңіраралық ынтымақтастық пен берік саяси ерік-жігердің арқасында бұл аумақты кешенді дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасалды. Жаңа жолдар ашылды, шекарадан өту тәртібі жеңілдетілді, кәсіпкерлікке жағдай жақсарды, заманауи балабақшалар, мектептер, емханалар мен тұрғын үйлер бой көтерді.
Бүгінде аудандағы 25 махаллада 88,6 мың тұрғын өмір сүреді. Мұнда 29 мектепке дейінгі ұйым, 33 мектеп, 2 орта арнаулы білім беру мекемесі, 14 денсаулық сақтау ұйымы және 2 мәдениет нысаны жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде 13 921 жаңа жұмыс орны ашылып, 1 667 отбасы кедейліктен шығарылды.

Жалпы, Сух ауданыдағы өзгерістер тек инфрақұрылымның жаңаруы ғана емес, сонымен қатар өңірдің экономикалық белсенділігінің артуы, халық сенімінің нығаюы және жастар үшін мүмкіндіктердің кеңеюінің нақты көрінісі болып отыр. Бүгінде аудан біртіндеп өңірлік экономикалық жүйеге қайта қосылуда.
Сонымен қатар, аудандағы кедейлік деңгейі 7,9 пайызды, жұмыссыздық 5,5 пайызды құрап, бұл көрсеткіштердің әлі де республикадағы орташа деңгейінен жоғары екені айтылды.
Таныстырылымда жауапты тұлғалар биыл ауданға 40 миллион доллар инвестиция тарту, 15 миллион доллар көлемінде экспортты қамтамасыз ету жоспарланғанын мәлімдеді. Бұл арқылы өнеркәсіпте 9 пайыз, қызмет көрсету саласында 17,1 пайыз, ауыл шаруашылығында 7,6 пайыз өсімге қол жеткізу көзделген.

Жиында ауданның туристік әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Сух ауданының қайталанбас табиғаты, таза ауасы, өзендері мен салқын климаты бұл саланы экономиканың маңызды драйверіне айналдыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Мысалы, «Сариканда», «Равон» және «Истиклол» махаллалары арқылы өтетін Сух өзені жағалауында жаңа туристік нысандар салуға болады. Сондай-ақ бұл жерде реабилитация, физиотерапия, дәрі-дәрмек логистикасы мен медициналық білімді біріктіретін медициналық қызметтер кластерін құруға барлық жағдай бар.
Жалпы, туризм және қызмет көрсету саласында 60 миллион доллар инвестиция тарту, шамамен 2 мың жұмыс орнын ашу, туризм қызметтері көлемін 15 миллиард сумға, экспортты 2 миллион долларға дейін арттыру жоспарланып отырғаны айтылды.
Ең маңызды міндеттердің бірі ретінде халықтың өмір сүруі мен еңбек етуіне қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Әрбір махаллада 10-нан, жалпы 300 шағын жоба іске қосылып, 8,6 мың азамат кәсіптік оқытудан өтеді. Бұл жобаларға банктер тарапынан 64 миллиард сум несие бөлініп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар үшін қосымша 74,5 миллиард сум қарастырылған.
Көлік-логистика мәселелері де жан-жақты қаралды. Ауданның басқа өңірлермен байланысын күшейту, шекарадан өтуді жеделдету және экономикалық қатынастарды кеңейту бойынша нақты шаралар белгіленді.
Халық табысының негізгі бөлігі ауыл шаруашылығына байланысты екенін ескере отырып, бұл салада заманауи тәсілдер мен жаңа технологияларды кеңінен енгізу қажеттігі айтылды.
Мысалы, «Қайроқ» алқабындағы 425 гектар жайылымда жеміс бақтарын, «Чашма» махалласындағы 60 гектар жерде шафран плантацияларын, «Азат» және «Сух» шаруашылықтарына қарасты 100 гектарда картоп өсіру жобаларын жүзеге асыру ұсынылды. Сондай-ақ «Навабад» махалласында балық шаруашылығын дамыту жобасы таныстырылды. Оған сәйкес, 30 шағын бассейн құрылып, әрқайсысынан 50 тоннадан форель балығын өндіруге мүмкіндік бар.
Сонымен бірге, «Девайрон» мен «Тул-дашт» аймақтары арасында ұзындығы 8 шақырым болатын өздігінен ағатын суару жүйесін салу арқылы 500 гектар жеміс бағы мен қосымша 300 гектар егістік жерді игеру мүмкіндігі бар екені айтылды.
Мемлекет басшысы Сух ауданын дамытудағы басты мақсат – халықтың өмір сапасын жақсарту, табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің көлік байланысын күшейту екенін атап өтті. Жауапты тұлғаларға белгіленген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.