Президент Бұхара облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде жиын өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев Бұхара облысына сапары аясында өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелері жиын өткізді.
– Бұхара экономикасына, адамдардың күнделікті өміріне оң өзгерістер әкелетін жалпы құны 30 миллиард долларлық жаңа бастамалармен келдік, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында бұл бастамалардың нәтижесі, ең алдымен, халыққа қажетті инфрақұрылымның жақсарып, табыс көздерінің көбеюінен көрініс табуы керектігі атап өтілді. Осыған байланысты ауызсу және кәріз желілерін дамыту, жолдарды жаңарту, өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жоспар қаралды.

Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қатысуымен сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жақсарту бойынша 385 миллион долларлық жоба жүзеге асырылуда. Оның екінші кезеңіне тағы да 248 миллион доллар тарту көзделген. Соның нәтижесінде 1,7 миллион тұрғынның сумен қамтылуы жақсарып, 775 мың азамат кәріз желісіне қосылады. Орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі қазіргі 80 пайыздан 95 пайызға дейін көтеріледі. Президент, әсіресе, су күтіп отырған 55 махалла бойынша нақты мерзімдерді белгілеп, жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Облыстың көлік қатынасын кеңейтуге бағытталған жобалар да талқыланды. Биыл облыс аумағынан өтетін А-380 автомобиль жолын қайта жаңғырту аяқталады. Келесі жылы М-37 жолының облыс аумағындағы 69 шақырымын жаңарту басталып, жоба аясында Бұхара қаласының маңынан ұзындығы 4,5 шақырым айналма жол салынады.
Самарқанд – Бұхара бағытында цемент-бетон төселген ақылы автомобиль жолын және жүрдек пойызға арналған жаңа теміржол желісін салу жоспарланған. Жаңа автомобиль жолы сапар уақытын қазіргі бес сағаттан бір жарым сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жауапты тұлғаларға екі жобаның да бас жоспарын аяқтап, серіктестермен келіссөздерді бастау тапсырылды.

Бұхарада құны 300 миллион доллар болатын жаңа халықаралық әуежай салынып жатыр. Ол бір мезгілде 20 ұшақ пен 1 200 жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежай қала орталығымен ұзындығы 24 шақырым автомобиль жолы арқылы жалғанады, сондай-ақ автобустарға арналған 5,5 шақырымдық BRT жолағы салынады. Түркияның «Pegasus» әуе компаниясы Бұхараға тікелей рейстер ашып отыр. Келесі жылы Малайзия, Индонезия, Кувейт, Мысыр және Бахрейнмен де әуе қатынасын жолға қою жоспарланған.
Жиында жаңа жолдар және әуежай салумен қатар, облыс ішіндегі қатынастың қолайлылығын арттыру қажеттігі айтылды. Биыл жолдардың жағдайын жақсартуға 900 миллиард сум бөлінгенімен, 2 мың шақырым ішкі жол мен 266 көпір жөндеуді қажет етеді. Оларды жаңарту мен күтіп ұстауға жеке инвестиция тарту, негізгі туристік бағыттарды байланыстыратын балама ақылы жолдар салу мүмкіндіктерін зерделеу тапсырылды.
Қоғамдық көлік жүйесі жеткілікті дамымағандықтан, тұрғындардың 80 пайызы күнделікті қатынаста жеңіл автокөлікті пайдаланады. Осыған байланысты облысқа қосымша 120 автобус жеткізу жұмыстары жеделдетіледі. Әуежай мен теміржол вокзалдары маңындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ көгалдандыруда Бұхараның климаты мен тарихи келбетіне сай бірыңғай тәсіл қолданылатын болады.

Туризм – облыс экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Биыл Бұхараға 3,5 миллион шетелдік турист келеді деп күтілуде. Жиында бұл көрсеткішті екі есе арттыру, туристердің өңірде болу мерзімін ұзарту және туристік маусымды жылдың өзге айларына да кеңейту қажеттігі атап өтілді.
Осы мақсатта Көне қала, Жеті пір, Чор-Бакр, Пойкент, Варахша және Вардонзе секілді тарихи кешендер бірыңғай туристік тұжырымдама аясында өзара байланыстырылады. «Гүлчорбоғ» махалласындағы 50 гектар аумақта туристік орталық, «Жалол Икромий» махалласында халықаралық іс-шараларға арналған конгресс-холл, сондай-ақ «Hilton» және «Holiday Inn» брендтерімен қонақүйлер салынып жатыр.
Қаланың орталықтағы сегіз көшесі жаңартылып, алты саябақ бой көтереді. Ал Бұхара ауданында 1 мың гектар аумақта құны 500 миллион доллар болатын туристік кластер құру жоспарланған.

Мемлекет басшысы жаңа нысандар салумен қатар, көрсетілетін қызметтердің мазмұнын да байыту қажеттігіне назар аударды. Бұхарада туристік маусым төрт айдан алты айға дейін ұзартылған, ал келесі жылы 30-ға жуық халықаралық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Алайда облыста бес жұлдызды қонақүй жоқ, ірі сауда және ойын-сауық орталықтары жеткіліксіз, ал қолданыстағы қызметтердің басым бөлігі Бұхара қаласында шоғырланған.
Жауапты тұлғаларға шетелдік туристер санын 7 миллионға жеткізу жөнінде ай сайынғы жоспар әзірлеу тапсырылды. Онда жаңа туристік пакеттер, өткізілетін іс-шаралар, аудандарда ашылатын нысандар және туристер тартылатын нарықтар нақты көрсетілуі тиіс.
Отырыста биыл облыс экономикасы алғаш рет 100 триллион сумдық межеден асып, өсім 10,1 пайызды құрайтыны атап өтілді. Сауалнамаға қатысқан бұхаралықтардың 98 пайызы өмір сапасының жақсарғанын айтса, кәсіпкерлердің 83 пайызы алдағы үш жылға оң көзқараспен қарайтынын білдірген.

Сонымен қатар, экономикалық өсім әлі де табиғи ресурстарды игеру мен ауыл шаруашылығына тәуелді болып отыр. Бұл салалардың экономикадағы үлесі 43 пайызды құрайды. Ал қызмет көрсету саласының үлесі кейінгі он жылда небәрі 33 пайыздан 36 пайызға дейін өскен.
Президент экономиканы әртараптандыруды, шикізатты терең өңдеуді және әр ауданның даму әлеуетін айқындауды тапсырды. Өнеркәсіп, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларындағы көрсеткіштерді 1,5 есе арттыру жөнінде нақты жоспарлар әзірленеді.
Өнеркәсіп саласында Бұхараның шикізат, энергетикалық ресурстары мен кәсіпкерлік әлеуетін ұштастыра отырып, үш жыл ішінде жалпы құны 28 миллиард долларлық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар екені айтылды. Оның 17 миллиард доллары мұнай-газ және химия өнеркәсібіне тиесілі. Бұхара мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыруға беделді технологиялық компанияларды тарту, ал Когон ауданында мұнай-химия ғылыми-өндірістік кластерін құру міндеті жүктелді.
Энергетика саласында қысқа мерзім ішінде жалпы қуаты 2 мың мегаватқа жуық электр станциялары іске қосылған. Алдағы үш жылда тағы 3,1 мың мегаваттық жел электр станциялары мен 1 мың мегаваттық энергия сақтау жүйелері салынады. Жаңа қуат көздерімен қатар электр энергиясын жеткізу және тарату инфрақұрылымын дамыту, облыста 745 шақырым электр желісін тарту жоспарланған.

Жеңіл өнеркәсіпте халықаралық брендтермен ынтымақтастық тәжірибесін пайдаланып, Бұхарада өндірілетін тоқыма өнімдерін сыртқы нарықтарға шығарылатын болады. Келесі жылы салада кемінде 1 миллиард долларлық жобаларды жүзеге асырып, экспорт көлемін екі есе арттыру көзделген.
Әлеуметтік саладағы жұмыстарды қарау барысында жекеменшік балабақшалар мен мектептер санын көбейту, мектеп бітірушілердің 50 пайызын техникумдарға жұмылдыру, сондай-ақ техникумдардың ірі кәсіпкерлермен және инвесторлармен байланысын нығайту мәселелері талқыланды. Облыстағы мемлекеттік және жекеменшік он жоғары оқу орнында дуальді білім беру жүйесімен қамтуды екі есе арттыру тапсырылды.
Биыл 29 аурухана мен емхананы жаңарту жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысы медициналық қызмет сапасын, әсіресе алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейін жақсарту, салаға инвестиция тарту және шетелде тәжірибе жинақтаған отандастарымыздың әлеуетін пайдалану қажеттігін атап өтті.
Жиында сала мен өңір басшыларының баяндамалары тыңдалып, келесі жылға арналған жоспарлары қаралды.
Президент өз өңірін кешенді дамытуда «Олот» ауданының әкімі Наргиза Нематованың ерекше белсенділік танытып жүргенін атап өтіп, мемлекеттік басқару органдарындағы көп жылғы жемісті еңбегі жіне жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан үлесі үшін оны «Фидокорона хизматлари учун» (Қажырлы еңбегі үшін) орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жариялады.
Осылайша, Мемлекет басшысы Бұхара облысына сапарын аяқтап, Ташкентке қайтып оралды.