Президент Ферғана облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту бойынша жиналыс өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев 28 сәуір күні Ферғана қаласында Ферғана облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Мемлекет басшысы алдымен кейінгі жылдары өңір экономикасында орын алған өзгерістерге тоқталды.

Соңғы жылдары облыста 8,2 миллиард доллар инвестицияның арқасында 8 мың заманауи өндірістік қуат іске қосылды. Кәсіпкерлікті қолдауға 100 триллион сум бағытталып, коммерциялық алаңдар көлемі 10 миллион шаршы метрге артты. 13,5 мың шағын және орта кәсіпорын құрылып, олардың саны шамамен екі есеге өсті.
Соның нәтижесінде жалпы өңірлік өнім 1,7 есеге, өнеркәсіп көлемі 1,5 есеге, қызмет көрсету саласы 3 есеге ұлғайды. Ең бастысы, соңғы төрт жылда жұмыссыздық деңгейі 9,2 пайыздан 4,6 пайызға, ал кедейлік деңгейі 11,6 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеді.

Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Марғилан қаласындағы «Ипакчи» және «Қиргули» махаллаларында 241 ескі үйдің орнына 2,5 мың пәтерлі көпқабатты үйлер салынды. «Наурыз» махалласында салынып жатқан «Жаңа Өзбекстан» тұрғын алабына биыл тағы 6,5 мың отбасы қоныстанады. Мұндай жұмыстар «Ёзёвон», «Қува» аудандарында, сондай-ақ Қоқан және Ферғана қалаларында жалғасып жатыр.
Кейінгі он жылда облыста 74 мың орындық мектеп, 145 мың орындық балабақша және 3 мың орындық ауруханалар пайдалануға берілді. 167 жекеменшік мектеп ашылып, оларда 40 мыңнан астам оқушы білім алуда. Білім сапасының артуы нәтижесінде Ферғана жастарының жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші бойынша өңір республикада 3-орынға көтерілді.

Ауыл шаруашылығы саласында 15 мың гектар өнеркәсіптік үлгідегі бау-бақша мен жүзім алқаптары құрылып, тағы 6 мың гектары жаңартылды. Жеміс-көкөніс экспорты 3 есеге артып, 400 миллион долларға жетті. «Ферғана», «Сух», «Қува» аудандары, сондай-ақ Марғилан және Қоқан қалаларында туризм қарқынды дамып келеді. Өткен жылы шетелдік туристер саны алғаш рет 500 мыңнан асып, ішкі туристер саны 3 миллионнан жоғары болды, ал туризм экспорты 185 миллион долларға жетті.
– Ферғана халқы бізден бұдан да жоғары нәтижелер күтуде, – деді Президент.
Осыған байланысты биыл облыста экономиканы 9,1 пайызға, өнеркәсіпті 9 пайызға өсіру, 4,5 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту, экспорт көлемін 2 есеге арттырып, 2 миллиард долларға жеткізу міндеті жүктелді.

Жиында Ферғана мемлекеттік органдар, өнеркәсіп, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында заманауи технологиялар, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуде үлгі болуы тиіс екені атап өтілді.
«Бес миллион жасанды интеллект көшбасшысы» бағдарламасы бойынша сертификат алған жастардың ең көбі Ферғана облысына үлесіне тиесілі. Облыс және аудан басшыларына дарынды жастарды тарта отырып, мемлекеттік қызметтер мен процестерді цифрландыру, халық пен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау тапсырылды.

Махаллалардың әлеуетін жасанды интеллект арқылы талдап, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қосылған құн мен халық табысын арттыруға бағытталған жобаларды әзірлеудің маңыздылығы айтылды.
Мысалы, «Ёзёвон» ауданының мүмкіндіктері жасанды интеллект көмегімен зерттелгенде, өңір экономикасында назар аударарлық негізгі сала логистика екені анықталған. А-373 магистралінің «Ёзёвон» арқылы өтетін 35 шақырымдық бөлігімен тәулігіне 30 мың көлік қатынайды. Осыған байланысты ауданда логистикалық орталықтар, ірі қоймалар мен жол бойындағы сервистік нысандарды көбейту арқылы экономикалық айналымды тағы 1 триллион сумға арттыру міндеттелді.

Кейінгі жылдары Ферғана өңірінде IT қызметтері 4 есеге өсіп, экспорт көлемі 23 миллион доллардан асты. Жаңа оқу жылынан бастап «Қува» тәжірибесі негізінде тағы 16 ауданда техникумдар базасында бағдарламалау, робототехника, графикалық дизайн және шет тілдері бойынша кадр даярлау жолға қойылады. Ферғана қаласында IT-Парк университетін, ал Марғилан қаласында «ИНХА» университеті филиалын ашып, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және бағдарламалық инженерия бағыттары бойынша жылына 1 мың студентті оқыту жоспарланған.
Электронды сауданы дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл салада Ферғананың үлесі әлі де төмен екені айтылып, облыста кемінде 100 мың шаршы метрлік қойма салу, оның 30 мың шаршы метрін биыл іске қосу қажеттігі көрсетілді. Өнеркәсіп пен қолөнерге маманданған 126 махаллада кәсіпкерлерді электронды сауда платформаларын пайдалануға үйрету міндеті жүктелді.

Ауыл шаруашылығындағы қолда бар мүмкіндікті пайдалану мәселесі де талқыланды. Облыста 370 мың гектар суармалы жер бар, оның 55 мың гектары бау-бақша мен жүзім алқаптары. Сонымен қатар, 5,5 мың гектар бақ пен жүзімдік ескірген, ал 6 мың гектар жазық және адырлы жерлер тиімді пайдаланылмай отыр. Бұл қосымша 300 мың тонна жеміс-көкөніс өндіруге және экономикаға 2 триллион сум көлемінде қосылған құн әкелуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
«Қува Агростар» агрокешен тәжірибесі ерекше атап өтілді. Мұнда кооперация негізінде үй ауласындағы жерлер мен фермерлік шаруашылықтарға шағын цехтар салу, диқандарды оқыту, ин-витро зертханасында өсірілген көшеттермен қамтамасыз ету және дайын өнім экспортын қолдау жолға қойылып отыр. Осындай тәсілдерді барлық аудандарда енгізу, 5,5 мың гектар ескі бауларды толық жаңарту тапсырылды.

Облыста 50 мың гектар өнімділігі төмен мақта мен астық алқаптарының, сондай-ақ тиімсіз баулардың орнына супер-интенсивті бау-бақша құру бойынша ауқымды бағдарлама әзірленеді. Биыл 611 мың тонна жеміс, 252 мың тонна жүзім, 1,8 миллион тонна көкөніс, 119 мың тонна күріш өндіру, сондай-ақ жеміс-көкөніс экспортын 25 пайызға арттырып, 500 миллион долларға жеткізу маңызды екені айтылды.
Мемлекет басшысы инвестиция мәселелеріне де тоқталды. Облыста өнеркәсіптік аймақтарға бөлінген 1 077 гектар жерді тиімді пайдалану, әр гектардан жылына кемінде 50 миллиард сум көлемінде өнім өндіру негізгі меже ретінде белгіленді. Өнеркәсіптік аймақтарда 5 миллиард долларлық жобаларды іске қосу тапсырылды.
Сондай-ақ «Бешарық» ауданындағы Андархан махалласында еркін сауда аймағын құру, Қоқан қаласындағы механика зауыты аумағында 70 миллион долларлық ірі сауда кешенін салу жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты.

Туризм саласында да мол мүмкіндіктер бар екені атап өтілді.
– Тарихи ескерткіштер мен қайталанбас табиғаттымен көпті тамсандырған Ферғана өңірінде шетелдік туристер ағынын тағы 2–3 есеге арттыруға болады, – деді Президент.
Осыған орай Қоқан мен Марғилан қалаларын зиярат туризміне, ал «Сух», «Қува», «Бешарық» және «Ферғана» ауданы өңірлерін медициналық және экотуризмге мамандандыру қажеттігі айтылды. Қувадағы «Каркидон» су қоймасы маңында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар орталығы құрылғаны атап өтіліп, елдегі өзге де су қоймаларын кезең-кезеңімен халық пен туристерге қолайлы демалыс орындарына айналдыру міндеті қойылды.
Марғиланда «Бурханиддин Марғинони» ғылыми-ағартушылық және туризм кешенінің ашылуы ұлттық құндылықтар мен тарихымызды әлемге танытатын маңызды қадам ретінде бағаланды. Ферғана ауданында «Шахимардан – Ёрдон» халықаралық курорт аймағы, «Водил» таңқурай-агротуризм кластері, «Аввал» ойын-сауық туризм кешені және «Чимён» санаторий-курорт аймағы сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Келесі жылдың соңына дейін құны 300 миллион доллар болатын 50 туризм жобасын іске қосу қажеттігі айтылды.
Қоқанда 64 мәдени мұра нысанын қамтитын 3 жаяу туристік маршрут әзірленген. Қаладағы тарихи нысандарда орналасқан мемлекеттік мекемелерді басқа ғимараттарға көшіру, ал тарихи орындарды туризм және мәдениет орталықтарына айналдыру бойынша тапсырмалар берілді.
«Сух» ауданында экотуризм, агро және медициналық туризмді дамытуға үлкен әлеует бар екені атап өтілді. «Сух» өзенінің «Сарықанда», «Истиклал» және «Равон» махаллалары арқылы өтетін бөлігінде 130 гектар аумақта ірі туризм кешенін салу, сондай-ақ шетелдік мамандарды тарта отырып, ауданның даму мастер-жоспарын әзірлеу тапсырылды. Жалпы, ауданның жаңа келбетін қалыптастыру бойынша үш жылдық бағдарлама қабылданатыны айтылды.
Жиында Ферғананың бай мәдени мұрасын зерттеу және насихаттау мәселелері де сөз болды.
Қоқан әдеби ортасының антологиясы мен электронды платформасын жасау, Әдебиет және шығармашылық мектебін ашу ұсынылды. Жастар арасында кітап оқуды дамыту мақсатында облыстың 100 махалласында үлгілі кітапханалар ашылады, ал бук-кафе ашқан кәсіпкерлерге салық және жалға алу төлемдері бойынша жеңілдіктер беріледі. «Бурханиддин Марғинони» кешенінде әр екі жыл сайын Халықаралық кітап оқу фестивалін өткізу және оған әлемнің танымал жазушылары мен ақындарын шақыру бастамасы көтерілді.
Ферғана мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын «аския» өнерін сақтау және дамытуға да ерекше назар аударылды. Марғиланда Юсуфжон қизиқ Шакаржонов атындағы республикалық «аския және күлкі өнері» орталығы құрылғаны айтылып, жас таланттарды қолдау, аудандық мәдениет орталықтары мен өнер мектептерінде «аския» және әзіл-сықақ бағыттарын ашу тапсырылды.
Отырыс барысында облыс және аудан басшыларының баяндамалары, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдерінің пікірлері тыңдалды.