Мемлекет басшысы Фарғананың өнеркәсіп және инвестициялық әлеуетімен танысты
Президент Шавкат Мирзиёевтың сапарының екінші күні Ферғана қаласындағы Инвесторларға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысудан басталды.
Ферғана қаласында құрылған «Ферғана экспо» халықаралық көрме орталығы өңірдің экономикалық әлеуетін кеңінен таныстыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, экспортты ынталандыруға және инвесторлар үшін қолайлы сервистік орта қалыптастыруға бағытталған.

Орталық тек көрме алаңы ғана емес, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін біртұтас байланыс платформасы ретінде де қызмет атқарады.
Бес гектар аумақты алып жатқан кешенде 200-ден астам өндірістік кәсіпорын өз өнімдерін көрсету мүмкіндігіне ие.

Жаңадан салынған 8 қабатты ғимараттың алғашқы екі қабаты сауда, инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау ұйымдарына берілген. Ал жоғарғы қабаттар инвесторлар мен бизнес өкілдеріне кеңсе ретінде ұсынылады.
Орталықта жыл бойы 15 сала бағыты бойынша тұрақты көрме-жәрмеңкелер өткізіледі. Мұнда мемлекеттік органдар, өндірушілер, экспорттаушылар мен инвесторлар бір алаңда кездесіп, нақты іскерлік байланыстар орната алады.

Ферғана тәжірибесінің тиімділігін ескере отырып, осындай заманауи көрме орталықтарын Ташкент қаласында, сондай-ақ Бұхара, Жызақ және Самарканд облыстарында да салу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы орталықта өңірдің өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларына қатысты көрмелермен танысты. Машина жасау, электротехника, зергерлік бұйымдар, былғары-аяқкиім өндірісі, қолөнер, медицина және фармацевтика салаларының өнімдері ұсынылды.

Сондай-ақ өңір үшін стратегиялық маңызы бар ірі инвестициялық жобалардың тұсаукесері өтті. Мемлекет басшысы инвесторлармен жүздесіп, пікір алмасты.



