Парижде полиция қызметкерлері жаппай наразылық шеруіне шықты
Париж қаласында 10 мыңға жуық француз полиция қызметкері жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жаппай наразылық шеруіне қатысты.
«Le Monde» басылымының жазуынша, «Alliance» және «Unité SGP Police-FO» кәсіподақтарының бастамасымен ұйымдастырылған шеру Елисей алаңынан басталып, Ұлттық ассамблея ғимаратының алдында аяқталды.
«Alliance» кәсіподағының бас хатшысы Фабьен Ванхемельрик үкімет полиция қызметкерлерінің еңбегін бағалайтынын мәлімдегенімен, іс жүзінде жалақыны көтеру бойынша ешқандай нақты шара қабылданбай отырғанын айтты. Ол қызметтік міндеттерді атқару күн сайын қауіпті бола түскеніне қарамастан, қауіп-қатер үшін төленетін үстемақы 2019 жылдан бері өзгеріссіз қалғанын ерекше атап өтті.
Наразылық білдірушілер Ішкі істер министрі Лоран Нуньеспен тікелей кездесуді, салаға қосымша қаржы мен кадр бөлуді, полиция қызметкерлерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді және қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етуде.
Айта кетейік, наразылық шарасы 30 маусым және 4 қыркүйек күндері өткен кездесулерде билік өкілдерінің бюджет мәселесіне қатысты шешімін кәсіподақтардың сынға алуынан кейін ұйымдастырылды.