Өзбек жазушысы Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына үміткерлер қатарына енді
Көрнекті өзбек қаламгері, белгілі ақын Хамид Исмаилов Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына номинанттар қатарынан көрінді. Оның қаламынан туған шоқтығы биік туындылар ағылшын, орыс, түрік, неміс және француз тілдеріне аударылып, әлем оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Бүгінде шығармашылық толысу кезеңінде жүрген Хамид Исмаиловтың есімі батыстың әдебиетсүйер қауымына кеңінен таныс. Қаламгердің «Жындар кеші» («Жинлар базми») атты романы 2019 жылы Еуропа қайта құру және даму банкінің әдебиет саласындағы беделді сыйлығын жеңіп алған еді. Бұдан бөлек, жазушының «We Computers» шығармасы да осы сыйлықтың үміткерлер тізімінен орын тапқан болатын.
Хамид Исмаилов 1954 жылы 5 мамырда Қырғызстанның Тоқмақ қаласында дүниеге келген. Алғаш әскери байланыс училищесін тәмамдап, кейіннен Ташкент мемлекеттік университетінің биология, заң және менеджмент факультеттерінде іргелі білім алды.
1992 жылдан бері Лондонда тұрып, еңбек етіп жатқан жазушының «Теміржол» романы 2006 жылы танымал қаламгер Роберт Чандлердің аудармасымен ағылшын тілінде жарық көрді. Ал ақынның сыршыл өлеңдерін неміс тіліне Ингеборг Бальдауф пен Зигрид Кляйнмихель шебер тәржімалаған.
Нобель сыйлығының өзіндік басты ерекшеліктерінің бірі – әдебиет номинациясы бойынша үміткерлер мен оларды ұсынған тұлғалар туралы мәліметтер 50 жыл бойы қатаң құпия ұсталады. Нобель қорының ресми ережесіне сәйкес, жаңа үміткерлер есімі осы мерзім өткеннен кейін өзгелерге жария етіледі.
Айта кетейік, биылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері 8 қазан, бейсенбі күні Стокгольмде анықталады. Ресми мәліметтерге сәйкес, жеңімпаз 12 миллион швед кронасы – шамамен 1,2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржылай сыйақымен марапатталады. Ал салтанатты марапаттау рәсімі дәстүр бойынша 10 желтоқсанда өтеді.