Маскатта Өзбекстан мәдениеті күндерінің ресми ашылу салтанаты өтті
Оман Сұлтандығының астанасы Маскат қаласында Өзбекстан мәдениеті күндері ресми түрде ашылды.
Мәдениет министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Al Mouj» кешенінде өткен салтанатты рәсімге Өзбекстан Республикасының мәдениет министрі Озодбек Назарбеков пен Оман Сұлтандығының Мәдениет, спорт және жастар министрі Сайид Сауд бен Хилал бен Хамад Әл-Бусаиди қатысты.

Тарихи мұрасы бай, көне дәстүрлері мен өзіндік мәдениеті қалыптасқан Өзбекстан мен Оман арасындағы мәдени байланыстар екі халықтың жақындасуына айрықша үлес қосып келеді.

Мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарламалар арқылы омандық өнерсүйер қауым өзбек халқының бай мәдени мұрасымен, ұлттық музыка өнерімен және дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шараның ашылу салтанаты өзбекстандық өнер шеберлерінің қатысуымен өткен гала-концертке ұласты. Көрермендерге ұлттық мақам мен фольклор үлгілері, әсем әуендер мен әндер, сондай-ақ ұлттық билер ұсынылды.
Концерт барысында шырқалған ұлттық әуендер мен сахнадағы сан алуан өнер көрсетілімдері омандық көрермендерге өзбек өнерінің өзіндік болмысын, бай орындаушылық дәстүрін паш етті.
Бұл мәдени шара екі ел арасындағы достық пен шығармашылық ынтымақтастықты нығайтып, халықтардың бір-біріне деген қызығушылығы мен құрметін арттыруға үлес қоспақ.