Өзбекстан мен Жапония арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар нығая түсуде
Өзбекстан мен Жапония халықтарының арасындағы өзара мәдени әрі тарихи байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бері жалғасып келеді. Бүгінде осы байырғы қарым-қатынастар жаңа мазмұнмен толығып, екі ел өңірлері арасындағы ынтымақтастық жандана түсті.
Атап айтқанда, бауырлас Самарқанд пен Нара қалалары арасындағы достық қатынастардың орнағанына бес жыл толуына орай өзара сапарлар мен бірлескен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соның арқасында Өзбекстан қолөнершілерінің делегациясы Жапонияның көне астаналарының бірі – Нара қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында «Hunarmand» қауымдастығының Самарқанд облыстық басқармасының басшысы Умид Хакимов пен әйгілі «Nara Craft Museum» музейінің өкілі Сато Накадзима араснда кездесу өтті. Бұл кездесу өзбек ұлттық қолданбалы өнерін Күншығыс елінде кеңінен танытуға ғана емес, екі халық шеберлерінің тәжірибе алмасуына да жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Атап айтқанда, келесі жылы музей экспозициясы аясында Өзбекстанда жасалған, Жапонияның ұлттық рәміздерін, тарихы мен мәдени мұрасын бейнелейтін өзбек қолданбалы өнер туындыларының көрмесін ұйымдастыру мәселесі қарастырылды.
Бұл бастама Самарқанд пен Нара қалалары арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, өзбек қолөнершілерінің шығармашылық әлеуетін Жапонияда кеңінен танытуға және екі халық арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға жол ашады.
Жапонияның Нара қаласына сапар аясында Өзбекстан делегациясы 1869 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көне қыш шеберханасының жұмысымен танысты. Шеберхана жетекшісі Марика Мориімен кездесіп, өзбек және жапон керамика өнерінің дәстүрлерін өзара таныту, екі ел шеберлерінің тәжірибе алмасуын ұйымдастыру және бірлескен көрме өткізу жөнінде келісімге қол жеткізді.
Алдағы уақытта ынтымақтастық аясында өзбек және жапон керамика өнері шеберлерінің туындыларын бірлесіп көрсету, шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Бұл серіктестік екі елдің керамика мектептері арасындағы шығармашылық байланысты дамытуға, ұлттық қолөнер дәстүрлерін халықаралық деңгейде дәріптеуге және халықтар арасындағы мәдени жақындықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ делегация мүшелері заманауи қаптама технологияларымен танысу мақсатында «Izumia Beverage Dealer» Co. Ltd компаниясына барды. Компания басшысы Эисаку Иманишимен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Әңгіме барысында өнімдерді қаптаудың заманауи тәсілдері, қаптама дизайнында ұлттық нақыш пен стильдік шешімдерді пайдалану, өнімнің сыртқы келбеті мен нарықтағы тартымдылығын арттыру мәселелері талқыланды.

Делегация бұдан бөлек, шеберхана жетекшісі Ёити Иноуэмен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сапар барысында тарихи бұйымдарды, мәдени мұра нысандары мен өнер туындыларын бастапқы қалпына барынша жақын күйде сақтау және қалпына келтіру кезінде қолданылатын дәстүрлі технологиялар, арнайы материалдар мен ұстаз-шәкірт сабақтастығы таныстырылды.
Әсіресе, заманауи технологиялар дамыған кезеңде де көне реставрация әдістерінің сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны ерекше назар аудартады.
Алдағы уақытта жапон қолөнершілерінің Самарқандқа жоспарланған сапары бауырлас қалалар арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтып, өңіраралық туризм мен мәдени дипломатияның дамуына елеулі үлес қосары сөзсіз.