Орталық Азия елдері су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселелерін талқылады
Су ресурстарын ұтымды пайдалану, қорғау және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету – бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, климаттың өзгеруіне байланысты суға деген сұраныс артып отырған кезеңде бұл бағыттағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту айрықша маңызға ие.
Бұл мәселе Ташкент қаласында Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) ұйымдастырған Әмудария мен Сырдария алаптарындағы су диалогының төртінші отырысы және су сапасы жөніндегі алғашқы басқосу аясында өткен өңірлік жұмыс топтарының кездесуінде талқыланды.
Аталған іс-шаралар «Климаттың өзгеруін ескере отырып, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару» және «Орталық Азияға арналған Еуропалық одақ» (EU4SustainableCentralAsia) өңірлік бағдарламалары шеңберінде ұйымдастырылды.
Жиынға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанның тиісті министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, халықаралық ұйымдардың мамандары және сарапшылар қатысты.
Отырыста су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, трансшекаралық су көздерін тиімді пайдалану, су сапасына мониторинг жүргізуді дамыту және климат өзгерісінің салдарына бейімделу мәселелері қаралды. Сонымен қатар су және энергетика салаларындағы ынтымақтастық, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы бастамалар жөнінде таныстырылымдар өтті.
Іс-шарада сөз сөйлеген ӨР Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігі бөлімінің басшысы Нурбек Пулатов су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғаудың түрлі салалар үшін маңызына тоқталды.
– Қазіргі таңда климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын ұтымды пайдалану, қорғау және басқару мәселелері айрықша маңызға ие. Әсіресе, Орталық Азия елдері үшін су ресурстарын тиімді пайдалану, су сапасы мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету өзара ынтымақтастықты қажет етеді.
Тау-кен өнеркәсібі мен геология саласында да суды тиімді пайдалану, өндіріс үдерістерінде су үнемдеу тәсілдерін қолдану және қоршаған ортаға кері әсерді азайту маңызды міндеттердің бірі саналады. Сондықтан өңірлік ынтымақтастық аясында озық тәжірибені зерделеп, ғылыми және практикалық тәсілдерді үйлестірудің маңызы зор, – деді Н. Пулатов.
Кездесулер барысында қатысушылар су ресурстарын басқару, олардың сапасын сақтау және климат өзгерісінің салдарын жеңілдетуге бағытталған бірқатар ұсыныс пен бастама көтерді.
Мұндай кездесулер Орталық Азия елдері арасындағы су саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ортақ мәселелерді бірлесе шешуге және су ресурстарын тұрақты пайдалану бағытындағы практикалық байланысты дамытуға мүмкіндік береді.