Өзбекстанның құмды және шаңды дауылдарға қарсы күрес жөніндегі бастамалары талқыланды
Құмды және шаңды дауылдар – жай ғана ауа райы құбылысы емес, халық денсаулығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және экономикалық тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіретін күрделі экологиялық проблема.
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы павильонында Құмды және шаңды дауылдарға қарсы күрес онжылдығының (2025–2034 жылдар) бағдарламасын іске асыруға арналған іс-шара өтті.
Озық тәжірибелерді бөлісу және бірлескен күш-жігерді жұмылдыруға бағытталған панельдік пікірталаста Өзбекстан Ұлттық климаттың өзгеруі орталығының директоры Фаррух Сатторов баяндама жасап қатысты. Ол өз сөзінде Арал теңізінің тартылуы салдарынан туындаған экологиялық зардаптарға ерекше тоқталды.
Құмды және шаңды дауылдар – жай ғана ауа райы құбылысы емес, халық денсаулығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және экономикалық тұрақтылыққа тікелей қатер төндіретін күрделі трансшекаралық проблема.
Сондықтан өңірде инфрақұрылымды дамыту, шаң көздерін спутник арқылы бақылау, тозған жерлерді қалпына келтіру, жайылымдар мен су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері барған сайын өзекті болып отыр. Бұл шаралардың түпкі мақсаты – ең алдымен, халық денсаулығын қорғау.
Мәліметке сәйкес, экожүйелердің тозуы салдарынан 3 миллион гектарға жуық жер пайдалануға жарамсыз күйге түскен. Оның 56 пайыздан астамы жел эрозиясына ұшыраған. Ал жердің тозуы мен шөлейттенуі салдарынан Өзбекстанға келетін жыл сайынғы экономикалық шығын 830 миллион долларға бағаланып отыр.
Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Ташкент қаласы ауасындағы PM2.5 ұсақ бөлшектерінің жылдық орташа мөлшерінде сырттан желмен келетін шаңның үлесі 36 пайызға дейін жетеді. Құрғақ жаз айларында бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады.
Іс-шара барысында Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды шаралар да таныстырылды. Атап айтқанда, 2024–2030 жылдарға арналған Құмды және шаңды дауылдарға қарсы күрес жөніндегі ұлттық бағдарлама қабылданған. Бағдарламада 2028 жылға дейін шаңды дауылдардың қайталану жиілігін 50 пайызға азайту көзделген.
Қазір атмосфералық ауа сапасын бақылауға арналған 347 автоматтандырылған станциядан тұратын бірыңғай мониторинг желісін құру, көп факторлы ерте ескерту жүйесін дамыту, тозған жерлерді қалпына келтіру және қорғаныш жасыл белдеулерін қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Пікірталас қорытындысында ұлттық экологиялық бағдарламаларды халықаралық қаржы институттарының, БҰҰ агенттіктері мен даму жөніндегі серіктестердің қатысуымен нақты инвестициялық жобаларға айналдырудың маңыздылығы атап өтілді.
Экология және климаттың өзгеруі туралы ұлттық комитеттің мәліметінше, іс-шарада өңірлік ынтымақтастықтың перспективалы тетіктері ретінде қарастырылып жатқан «Жасыл Орталық Азия» қорын және Орталық Азия климат орталығын құру бастамаларының әлеуеті жоғары екені де атап өтілді.