Көненің көзіне айналған көне қала
ФОТОРЕПОРТАЖ
Хиуа шаһарының жүрегі саналатын Ичан қала – көне қамал қабырғаларымен қоршалған, Орталық Азиядағы ең бірегей әрі тұтастығын сақтап қалған тарихи кешендердің бірі саналады. Мұнда келген әрбір адам уақыт пердесін кейін ысырып, ғасырлар қойнауынан үн қатқан өткенмен бетпе-бет келгендей әсерге бөленеді. Қамалдың биік те берік қабырғалары мыңжылдық тарихтың куәсіндей бүгінге дейін өз айбыны мен тылсым тыныштығын сақтап келеді.
Ичан қаланың тек сәулет ескерткіштері ғана емес, ежелгі өмір салтының тірі іздерін де сақталып, уақыт өткен сайын ол дамып отыр. Мұнда ұлттық қолөнер дәстүрлері жалғасын тауып отыр – қыш жасау, нақыш өнері, зергерлік және басқа да өнер түрлері шеберлердің қолында одан әрі кемелденіп келеді. Саяхатшылар бұл үдерісті жақыннан тамашалап қана қоймай, тіпті оны өз қолымен істеу мүмкіндігіне де ие болады.
[gallery-28316]
Хиуа шаһарының жүрегі саналатын бұл тарихи мекен бүгінгі күні де өз сиқырлы тартымдылығын жоғалтқан емес. Ол – тек тарих әуесқойлары үшін ғана емес, сонымен қатар өнер мен сәулетке, мәдениетке құштар кез-келген жанның рухани сусындайтын қайнар көзі. Әсіресе, күн батар шақта қамал қабырғалары мен көкке бой созған мұнараларға түскен алтын шапақ бүкіл кеңістікті ерекше нұрға бөлеп, оның ажарын бұрынғыдан да айшықтай түседі.
Мұндағы көне мешіттер мен медреселер, кесенелер, сарайлар, бекіністер, моншалар мен керуен сарайлар, нәзік нақыштармен безендірілген дәліздер бұл өңірдің қайталанбас сәулеттік келбетін айқындайды.
Саяхатшылар мен келушілер мұндай қайталанбас кешеннің тек сыртқы келбетін ғана емес, оның терең рухын, көне тұрмыс тынысын және шығысқа тән ерекше атмосферасын жан-жүрегімен сезіне алады. Сөз жоқ, мұндағы әрбір көрініс – тарихтан сыр шертетін бір үзік, ал әрбір сәт – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір іспетті.
суреттерді түсірген Б.САИДОВ, ӨзА