Жаңа Ташкентте заманауи қоғамдық тамақтану орындары ашылады
Бүгінде Өзбекстан астанасының жаңа келбетін айшықтап, болашақ пен жасампаздықтың символына айналып келе жатқан Жаңа Ташкент жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде алып аумақта қызу тіршілік басталып, ол барған сайын халық көп шоғырланатын мекенге айналып келеді. Жаңа аумақта тұрғындарға арналған жайлы баспаналар кезең-кезеңімен дайындалып жатқандықтан, олардың айналасында заманауи қызмет көрсету және сервис желісін қалыптастыру бұрынғыдан да маңызды.
Атап айтқанда, тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып, мейрамхана, кафе, фастфуд орындары мен кондитерлік өнімдер орталықтарын ашу – негізгі атқарылатын жұмыстардың бірі. Осыған орай елімізде қоғамдық тамақтану саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан жетекші брендтердің негізін қалаушылар мен кәсіпкерлер Жаңа Ташкентке арнайы шақырылды.
Сапар барысында кәсіпкерлер алдымен қаланың бірінші кезеңінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды құрылыс жобалары, заманауи тұрғын үй кешендерімен және сервистік нысандармен танысты. Мамандар оларға аумақтың қызмет көрсету инфрақұрылымы, сәулеттік шешімдері және болашақта жасалатын жағдайлар туралы жан-жақты мәлімет берді.
Мұндай заманауи әрі қолайлы нысандарды тұрғын үйлерге жақын орналастыру халықтың күнделікті өмірін жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге және түрлі қажеттіліктерге сай сапалы қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бизнес жобалары қалада белсенді қоғамдық орта қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай кездесулер аумақтың болашақтағы даму бағыттарын тереңірек зерделеуге, бизнесті жаңа деңгейге көтеруге және алдағы қызметін қаланың жалпы урбанистік даму үдерісімен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, іс-шара аясында Жаңа Ташкент аумағында ұлттық және заманауи дәстүрлерді тоғыстырған «Khiva» мейрамханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мұндай нысандардың бой көтеруі жаңа қалада қызмет көрсету мәдениетінің жоғары деңгейде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа Ташкентте салынып жатқан әрбір инфрақұрылым нысаны адам қадірін ұлықтауға, қолайлы әрі әл-ауқаты жоғары өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табаны болады.