«Екі ел – бір кеңістік»: Алматыда өзбекстандық суретшінің көрмесі ашылды
Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматы қаласында өзбекстандық суретші, Өзбекстан Көркемөнер шығармашылық одағының мүшесі, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық бейнелеу өнері қауымдастығының мүшесі Нодир Бобомуродовтың «Екі ел – бір кеңістік» атты жеке көрмесі ашылды.
Көрмеге Өзбекстан мен Қазақстанның өнер және мәдениет саласының өкілдері, суретшілер, өнертанушылар мен өнерсүйер қауым қатысты. Экспозициядан суретшінің соңғы төрт жылда салған таңдаулы туындылары орын алған.
Нодир Бобомуродовтың шығармашылығынан реалистік кескіндеме дәстүріне адалдық, түс пен жарықты үйлестірудегі шеберлік, кеңістік пен композицияны терең сезіну айқын көрінеді. Оның картиналарында ұлан-ғайыр дала мен асқақ таулар, көне қалалар мен тарихи мекендер, ұлттық дәстүрлер мен күнделікті тіршілік көріністері өзара астасып, біртұтас көркем әлемге айналған.

Көрменің «Екі ел – бір кеңістік» деп аталуы да сондықтан. Қыл қалам шебері Өзбекстан мен Қазақстанды бір-бірінен бөлек мекен ретінде емес, ғасырлар бойы ортақ тарих, мәдени жақындық, рухани құндылықтар мен дәстүрлер тоғыстырған тұтас кеңістік ретінде бейнелейді. Оның туындыларынан екі халыққа ортақ табиғат пен тарихтың ғана емес, бауырластық пен мәдени сабақтастықтың да көркем көрінісін аңғаруға болады.
Суретшінің шығармашылығында Өзбекстан мен Қазақстан табиғаты ерекше орын алады. Өзбекстанға арналған картиналарында Шарвак су қоймасы, Шыршық өзені, Шымған таулары бейнеленсе, Қазақстан тақырыбындағы туындыларынан Іле Алатауы, Шарын шатқалы, Баянауыл, Бурабай, Алматы мен оның айналасындағы көркем табиғат көріністерін көруге болады.

Суретшінің туындыларынан Орал Тансықбаевтың көркемдік дәстүрімен шығармашылық үндестік те байқалады. Әсіресе кеңістіктің ауқымдылығы, тау мен даланың айбынды келбеті, жарық пен түстің өзара жарасымы осы сабақтастықты аңғартады.
Нодир Бобомуровтың шығармашылық жолы халықаралық деңгейде де кеңінен танылып келеді. Ол Өзбекстанда және шетелдерде ұйымдастырылған көрмелерге, байқаулар мен халықаралық пленэрлерге белсенді қатысқан. Оның туындылары Қазақстан, Түркия, Солтүстік Кипр және Әзербайжанда өткен көрмелер мен халықаралық өнер жобаларында көпшілік назарына ұсынылған.

Іс-шара барысында суретшінің шығармашылық жолы, көркемдік ойлау ерекшелігі және заманауи бейнелеу өнеріндегі орны жөнінде пікір алмасты. Қонақтар оның ұлттық рухты заманауи көркемдік тілмен ұштастыра білу шеберлігіне жоғары баға берді.
Көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты тереңдетіп, шығармашылық орта өкілдерінің тәжірибе алмасуына жол ашатын маңызды алаңға айналды. Нодир Бобомуровтың картиналары арқылы көрініс тапқан бұл ортақ кеңістік Өзбекстан мен Қазақстанды тек тарих пен тағдыр ғана емес, бүгінгі өнер мен мәдени сұхбат та жақындастырып отырғанын паш етті.