Бостандық ауданындағы мектепке Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді
Ташкент төрінде «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» форумы өтіп жатыр.
Атаулы шара ӨР Мектепке дейінгі және мектеп білім министрлігі, Мәдениет министрлігі, Ташкент облысы әкімдігі, Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтары, сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының бірлескен ұйымдастыруымен өтуде.
Форум екі бауырлас елдің жазушылары, ақындары, әдебиеттанушылары, аудармашылары мен ғалымдарын, мемлекеттік құрылымдар және халықаралық ұйымдар өкілдерін ортақ тарихи, әдеби әрі рухани құндылықтар төңірегіне біріктіретін жаңа мәдени-гуманитарлық алаңға айналмақ.
Осған орай 2 қыркүйек күні Ташкент облысының Бостандық ауданындағы «Қараманас» ауылында орналасқан №34 мектепке көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы әрі қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі беріліп, жаңа оқу жылының ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Өзбекстан мен Қазақстанның мемлекеттік органдары, дипломатиялық корпус өкілдері, Жазушылар одақтарының басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер қатысты.
Іс-шарада Президент Шавкат Мирзиёевтің Білім күніне орай халқына, ұстаздар қауымы мен жастарға жолдаған құттықтауын Президент кеңесшісі Хайриддин Султонов оқып берді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ӨР мектепке дейінгі және мектеп білім министрі Эъзозхон Каримова және Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту мәселелеріне тоқталды.
Өзбекстан–Қазақстан серіктестігі мәдениет, әдебиет және білім салаларында да қарқынды дамып келеді. Халықтарымыздың ортақ тарихы, тілі, әдебиеті мен рухани құндылықтары ұрпақтарды жақындастыратын маңызды фактор болып отыр.
№34 мектепке Рахметолла Райымқұловтың есімінің берілуі де осы ортақ рухани мұраға деген жоғары құрметтің белгісі. Қаламгердің өзбек және қазақ әдебиеттері арасындағы рухани байланысты нығайтуға қосқан үлесі жас ұрпақ үшін өнеге болмақ.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, марқұм жазушы Рахметолла Райымқұловтың қызы, профессор Ақтоты Райимқұлова әкесінің есімін Өзбекстандағы мектепке берудің отбасы үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл оқиға екі елдің әдеби қауымдастығы үшін де қуанышты жаңалық. Рахматулла Райимқұлов өмір бойы қазақ пен өзбек халықтары арасындағы достық пен рухани жақындықты нығайтуға қызмет еткен.
Форум аясында мектеп оқушылары өзбек және қазақ халықтарының бай әдеби мұрасын, ұлттық салт-дәстүрлері мен көрнекті тұлғалардың шығармашылығын таныстырған әдеби-музыкалық бағдарлама ұсынды.
Жаңартылған мектеп кітапханасы мен заманауи коворкинг алаңы да салтанатты түрде ашылды. Ресми делегация мүшелері кітапхана қорын толықтыру үшін мектепке кітаптар сыйға тартты. Ал мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға Президент сыйлығы – оқу құралдары табысталды.
Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі – ӨзА бас директоры Абдусаид Кучимов оқушыларға ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған тәуелсіздік сабағын өткізді. Сабақта елдің даму жолы, бейбіт әрі бақуатты өмірдің қадірі, жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігі және Отанға адал қызмет етудің маңызы сөз болды.
[gallery-https://uza.uz/uz/collection/31225]
суреттерді түсірген Н.ХАЙДАРОВ, ӨзА