Өзбекстан Президенті Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президентін қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 15 сәуір күні жастар арасындағы әлем чемпионаты аясында елімізде сапармен жүрген Дүниежүзілік таэквондо федерациясы президенті Чо Чунг Вонды қабылдады.
Айта кету керек, кейінгі жылдары елімізде таэквондомен тұрақты айналысатындар саны екі есеге жуық өсіп, 35 мың адамға жетті. Сондай-ақ спортшыларымыз Париж Олимпиадасы мен Паралимпиада ойындарында осы спорт түрінен жалпыкомандалық есепте құрметті үшінші орынды иеленді.
Кездесу барысында Чо Чунг Вон Өзбекстанда спортты жедел дамыту, жастар арасында дене шынықтыруды насихаттау және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалады.
Тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, атап айтқанда кәсіби спортшылар мен төрешілерді даярлау, жоғары технологиялар, жасанды интеллект, спорт медицинасы салаларында озық тәжірибе алмасу және беделді халықаралық жарыстарды Өзбекстанда тұрақты өткізу мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында Өзбекстан Президенті елімізде таэквондоны дамытуға қосқан жеке үлесі, сондай-ақ спорт арқылы әлем халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы зор еңбегі үшін Чо Чунг Вонды мемлекеттік жоғары марапат – «Достық» орденімен наградтады.
Өз кезегінде Чо Чунг Вон Президент Шавкат Мирзиёевке спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Дүниежүзілік таэквондо федерациясының ең жоғары жеке марапаты – Даңқ орденін табыстады.
Аталған орденнің алғаш рет Мемлекет басшысына берілуі елімізде спортты, әсіресе таэквондоны дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсететіні атап өтілді.