Мемлекет басшысы Өзбекстан халық әртісі Фаррух Закиров марапаттады
«Куксарай» резиденциясында Президент Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен ұлттық эстрада өнерінің жарқын өкілі, Өзбекстан халық әртісі Фаррух Закировтың 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, «Ялла» ансамблінің мүшелері және кең жұртшылық қатысты.
Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Фаррух Закировты мерейлі жасымен құттықтап, оған зор денсаулық, отбасылық амандық және жаңа шығармашылық табыстар тіледі.


Закировтар әулеті ұзақ жылдар бойы ұлттық музыка мен ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Өзбекстан халық әртісі Карім Закиров негізін қалаған өнер мектебі мен ұлттық өзбек эстрадасының негізін қалаушылардың бірі Батыр Закировтың бай шығармашылық мұрасы халықтың рухани қазынасы ретінде жоғары бағаланады.
Бүкіл отбасы мен бір әулеттің өмірін түгелдей өнер мен мәдениетке арнауы сирек кездесетін құбылыс екені ерекше аталып өтті. Фаррух Закиров осы ұлы дәстүрді лайықты жалғастырып, ұлттық эстрада өнерін жаңа деңгейге көтерген өнер иесі ретінде танылды.
Іс-шарада Фаррух Закировтың тек өзбек халқының ғана емес, бүкіл Орталық Азия, ТМД елдері және түркі әлемінің сүйікті әртісі екені айтылды. Оның Өзбекстан мен Қарақалпақстан халық әртісі атағымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан және Ингушетия халық әртісі сияқты жоғары марапаттарға ие болуы оның шығармашылығына берілген үлкен баға ретінде бағаланды.


Бүгінде «Ялла» ансамблі мен Фаррух Закиров есімі бір-бірінен ажырамас ұғымға айналған. 55 жыл бойы бұл танымал ұжым елімізде ғана емес, әлемнің беделді сахналарында өнер көрсетіп, миллиондаған тыңдарманның ықыласына бөленіп келеді. «Ялла» ансамблі ұжымдық эстрадалық орындаушылық дәстүрін қалыптастырып, ұлттық өнер тарихында жаңа бет ашты. Бүгінде халқымыздың мерекелері, маңызды іс-шаралары мен қасиетті мейрамдарын осы ансамбльдің орындауындағы әндерсіз елестету қиын.
Іс-шарада «Ялла» ансамблі мүшелері Жавлон Тухтаев, Аббас Алиев, Темур Халиков және Игорь Халиковтың да көпжылдық еңбегі ерекше аталып өтті.
Айтылғандай, «Ялла» ансамблі орындаған 400-ден астам ән ұлттық рух пен әуеннің нағыз халықтық өнер үлгісіне айналып, мәдени мұраның «алтын қорына» енді. Топтың орындауындағы «Яллама ёрим», «Йул булсин», «Хандалак», «Мажнунтол», «Келибди» сияқты әндер ұлттық құндылықтарды дәріптесе, «Тошкентим онам», «Учқудуқ», «Шахрисабз» секілді туындылар елдің көрікті жерлерін әлемге танытты.


Мемлекет басшысы Фаррух Закировтың қоғам өміріндегі белсенділігін де атап өтіп, оның көптеген жас өнерпазға ұстаздық етіп келе жатқанын, «Дауыс» секілді ірі жобалар арқылы жаңа таланттарды тәрбиелеуге үлес қосып жүргенін атап өтті.
Аймақ өнер иелерімен жолға қойылған ынтымақтастық халықтар арасындағы рухани көпір қызметін атқарып отырғаны, сондай-ақ, елімізде Фаррух Закиров секілді өнер тарландарының халықаралық шығармашылық жобалары мен жаңа туындыларын әрдайым қолдап келетіні ерекше айтылды.
Салтанатты шара барысында Фаррух Закировтың көпжылдық жемісті еңбегі, ұлттық мәдениет пен өнерді дамыту жолындағы жанқияр қызметін лайықты бағалау мақсатында Президенттің арнайы жарлығы мен қаулысына қол қойылғаны жарияланды.


Атап айтқанда, «Яшнабад» ауданындағы 7-ші балалар музыка және өнер мектебіне Фаррух Закировтың есімі берілетін болды.
Аталған мектепте «Ялла» атындағы балалар ансамблі, жастардың шығармашылық зертханасы, заманауи дыбыс және бейне жазу студиясы ашылады. «Ұстаз–шәкірт» дәстүрі негізінде эстрадалық бағытта орындаушылық шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, тәжірибелі өнер иелеріне қосымша еңбекақы үстемақысы төленеді. Мектепте үздік оқитын оқушыларға арнайы өнер және мәдениет оқу орындарына түсу үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылады. Жыл сайын республика өңірлерінен дарынды оқушылар осы мектепте шеберлігін шыңдайды. Бюджет есебінен олар ұстаздарымен бірге беделді халықаралық байқауларға қатысып, лайықты түрде қолдау табады.
Іс-шара барысында бұл білім ордасының еліміздегі үлгілі мәдени орталықтардың біріне айналып, Закировтар әулетінің баға жетпес шығармашылық мұрасын келер ұрпаққа жеткізуге қызмет ететініне сенім білдірілді.
Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы ұлттық өнер мен мәдениетті дамыту жолындағы көпжылдық ерен еңбегі үшін Фаррух Закировқа «Буюк хизматлари учун» («Елге сіңірген еңбегі үшін») орденін табыс етті.
