Өзбекстан мен Грузия қылмысқа қарсы күрес бойынша ынтымақтастықты нығайтады
ӨР Ішкі істер министрі Азиз Тошпулатов Өзбекстанға ресми сапармен келген Грузия Ішкі істер министрі Гела Геладзе бастаған делегациямен кездесті.
Тараптар екі елдің ішкі істер министрліктері арасындағы байланыстардың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, трансұлттық қылмыстарға, соның ішінде есірткі қылмысы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ бұл үдерісте ақпарат алмасу мен тәжірибе бөлісуді жандандырудың маңыздылығы айтылды.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – киберқылмысқа қарсы күрес. Осы салада өзара әрекеттестікті арттыру, мамандар даярлау барысында білім мен тәжірибе алмасу қажеттігі ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында терроризм мен экстремизм, адам саудасы, есірткі заттарының заңсыз айналымы және басқа да трансұлттық қылмыстарға қарсы бірлескен күресті күшейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және цифрлық криминалистика бағытында ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған арнайы оқу курстарын ұйымдастыру, екі елдің оқу орындары арасындағы әріптестікті дамыту жайы қарастырылды.
Достық әрі конструктивті рухта өткен кездесуде өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған перспективалы міндеттер белгіленді.
Кездесу соңында Өзбекстан мен Грузия ішкі істер министрліктері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Сапар барысында грузиялық делегация Өзбекстан Ішкі істер министрлігі қызметімен танысып, заманауи арнайы техника мен құрал-жабдықтардың тұсаукесеріне қатысты. Сондай-ақ қонақтар Ішкі істер министрлігі академиясының және Ташкент қалалық ІІББ жұмысы туралы, сондай-ақ Ташкент қаласының туристік нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат алды.