Республикада онкологиялық және гематологиялық көмекті дамытуға жаңа шаралар қабылданады
Президент Шавкат Мирзиёев онкологиялық және гематологиялық медициналық көмекті, сондай-ақ паллиативтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру және мемлекеттік медицина мекемелері қызметкерлерін материалдық қолдау жөніндегі ұсыныстар бойынша тұсаукесермен танысты.
Елімізде халық денсаулығын қорғау, ауыр дерттердің алдын алу, оларды ерте анықтап, тиімді емдеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе онкологиялық, гематологиялық және онкогематологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету, паллиативтік және хоспис қызметтерін дамыту маңызды міндеттердің бірі саналады.
Таныстырылым барысында қатерлі ісік ауруларының алдын алу, оларды ерте анықтау және емдеу жүйесін халықаралық стандарттар негізінде жетілдіру бойынша әзірленген шаралар қаралды.

Атап өтілгендей, халықты ең көп таралған қатерлі ісік түрлеріне арналған мақсатты медициналық тексерулермен қамту деңгейін кемінде 60 пайызға жеткізу, сондай-ақ онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткішін қазіргі 35 пайыздан кемінде 45 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.
Осыға орай 2027 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген қатерлі ісікке қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бағдарлама өңірлерде кезең-кезеңімен енгізіледі.

Бағдарлама аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінің қызметкерлерінің онкологиялық қырағылығы күшейтіледі. Олар қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін анықтау және науқастарды уақытылы мамандандырылған мекемелерге жолдау бойынша қайта даярлаудан өтеді.
Сонымен қатар халықаралық ұсынымдарға негізделген клиникалық нұсқаулықтар қабылданады. Онкология саласында мультидисциплинарлық тәсіл енгізіліп, науқасқа диагноз қою мен емдеу бірнеше маманның бірлескен шешімі арқылы жүзеге асырылады.
Ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрлерін ерте анықтауға арналған бағдарламалар әзірленіп, кезең-кезеңімен іске қосылады. Науқастарды қысқа мерзімде тексеріп, нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін жедел диагностикалық бағыттар енгізіледі.
Сәулелік терапия қызметін жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, ескірген кобальт құрылғылары кезең-кезеңімен заманауи сызықтық үдеткіштерге ауыстырылып, жоғары дозалы брахитерапия мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Паллиативтік және хоспистік көмекті дамыту мәселелері де жан-жақты қаралды. 2030 жылға дейін мұндай қызметтердің халықты қамту деңгейін кемінде 80 пайызға жеткізу жоспарланған.
Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап республикада медициналық және әлеуметтік қызметтердің ықпалдастырылған жүйесіне негізделген бірыңғай паллиативтік және хоспистік көмек жүйесі іске қосылады. Паллиативтік көмекке мұқтаж азаматтарды анықтау, есепке алу және оларға қызмет көрсету электрондық ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Мобильді паллиативтік бригадалар құрылып, науқастарға үй жағдайында медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету жолға қойылады. Ал стационарлық паллиативтік көмек мемлекеттік және жекеменшік медицина ұйымдары мен хоспистер арқылы көрсетіледі.
Халықтың қажеттілігіне қарай барлық өңірлерде кезең-кезеңімен хоспис мекемелері ашылады. Ташкент қалалық өңіраралық хосписі паллиативтік және хоспистік көмекті әдістемелік тұрғыдан үйлестіретін негізгі мекеме ретінде белгіленеді.
Алғашқы кезеңде Ташкент қаласының Мырза Ұлықбек ауданында онкологиялық аурулар салдарынан паллиативтік және хоспистік көмекке мұқтаж науқастарға қызмет көрсететін мобильді бригадалар құрылады. Самарқанд облысында ауыр әрі емдеуге келмейтін сырқаттарға шалдыққан балаларға арналған паллиативтік көмек орталығы хоспис үлгісінде ұйымдастырылады.
Электрондық ақпараттық жүйеде паллиативтік немесе хоспистік көмекке мұқтаж ретінде тіркелген азаматтарға қосымша медициналық тексерулерсіз-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы арқылы мүгедектік мәртебесі беріледі. Үй жағдайында күтімді қажет ететін науқастар функционалдық төсек пен арнайы матрастармен ваучерлік жүйе негізінде қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар махалла деңгейінде паллиативтік көмек көрсету, үйде күтім жасау қызметтерін дамыту және науқастардың отбасы мүшелеріне арналған «Отбасын қолдау» қызметін енгізу жоспарланған.
Таныстырылымда гематологиялық және онкогематологиялық ауруларға шалдыққан азаматтарға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру шаралары да қаралды.
2026–2030 жылдары мұндай ауруларды ерте анықтау көрсеткішін қазіргі 30–40 пайыздан 60 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ диагноз қойылған сәттен бастап трансплантация жасауға дейінгі мерзімді 6 айдан 3 айға дейін қысқарту жоспарланған.
Гематологиялық ауруларға шалдыққан науқастарды толықтай мамандандырылған медициналық көмекпен қамту және өңірлерде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау операцияларын енгізу көзделген.
Таныстырылым барысында мемлекеттік медицина мекемелерінде еңбек ететін медицина және фармацевтика қызметкерлерін материалдық қолдау мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, кемінде 15 жыл еңбек өтілі бар қызметкерлердің балаларының республика жоғары оқу орындарының бакалавриатында оқуына арналған жылдық келісімшарт ақысының бір бөлігін өтеу, сондай-ақ осындай еңбек өтілі бар медицина қызметкерлерінің ипотекалық несие арқылы баспана сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін мемлекет есебінен жабу ұсынылды.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, аталған шараларды сапалы жүзеге асыру, өңірлердегі онкологиялық және гематологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, заманауи диагностика мен емдеу технологияларын кеңінен енгізу жөнінде тапсырмалар берді.