«Интер» мерзімінен бұрын Италия чемпионы атанды
Миланның «Интер» клубы екі маусым үзілістен кейін жаңа бас бапкер Кристиан Киву жетекшілігімен чемпиондық атағын қайтарды.
«Интер» А Серияның 35-туры аясында Парма клубын 2:0 есебімен жеңіп, мерзімінен бұрын Италия чемпионы атанды.
Осы жеңістен кейін Киву шәкірттері маусым аяқталуына үш тур қалғанда 82 ұпай жинады. Ең жақын тұрған клуб «Наполи» еншісінде 70 ұпай бар.
Осылайша, «Интер» екі маусымнан кейін чемпиондық атағын қайта иеленді. Миландық клуб соңғы рет 2023/24 жылғы маусымда топ жарған еді.
2025 жылдың маусымында «Интер» тізгінін қолға алған румыниялық маман Кристиан Киву бапкерлік мансабындағы алғашқы жүлдесін жеңіп алды. Ол Жозе Моуриньодан кейін (2008/09 және 2009/10 маусымдары) А Серияда жеңіске жеткен алғашқы шетелдік бапкер атанды. Айта кетейік, сол жылдары Киву португалиялық маманның қол астында «Интер» қорғанысында өнер көрсеткен.
Осы уақытқа дейін Италия чемпионатында тек жергілікті бапкерлер жеңіске жетіп келген еді. Олардың қатарында Массимилиано Аллегри, Антонио Конте, Маурицио Сарри, Стефано Пиоли, Лучано Спаллетти және Симоне Индзаги бар.
Италияда скудетто саны бойынша «Интер» екінші орында — 21 титул. Рекордшы — Ювентус (36 жүлде), ал Милан 19 чемпиондық атаққа ие.
Киву шәкірттерінде маусымды «алтын дубльмен» аяқтауға тамаша мүмкіндік бар. 13 мамыр күні «нерадзурри» Италия кубогының финалында Лацио командасымен кездеседі.