Чемпиондар лигасы: «Атлетико Мадрид» өз алаңында тең түсті
Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы жартылай финалы аясындағы кезекті матч аяқталды. Бұл кезеңнің екінші ойынында «Атлетико Мадрид» пен «Арсенал» өзара күш сынасты.
Мадрид қаласында өткен кездесудің 44-минутында «Арсенал» ойыншысы Виктор Дьёкереш пенальтиден гол соғып, есеп ашты.
Екінші таймды шабуылмен бастаған «Атлетико Мадрид» футболшылары 56-минутта есепті теңестірді. Бұл сәтте Хулиан Альварес қарсылас қақпасына берілген пенальтиді сәтті орындады.
Осылайша, кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасының жартылай финалының алғашқы кездесуінде «ПСЖ» клубы өз алаңында «Бавария» клубын қабылдап 5:4 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Алдағы жауап кездесулер 5–6 мамыр күндері өтеді. Ал турнир финалы 2026 жыл 30 мамырда Будапешт қаласындағы Пушкаш Арена стадионында ұйымдастырылады.