Еуропа чемпиондар лигасының финалында «ПСЖ» мен «Арсенал» кездеседі
Футболдан Еуропа чемпиондар лигасының жартылай финалдық қарымта кездесулері аяқталды.
Жартылай финалдың жауапты ойыны Мюнхен қаласында «Бавария» мен «Пари Сен-Жермен» командалары арасында өтті. Тартысты матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Кездесудің 3-минутында Усман Дембеле есеп ашса, 90+4-минутта Харри Кейн таразы басын теңестірді.
Осылайша, екі ойын қорытындысы бойынша Париждік клуб 6:5 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Еуропа чемпиондар лигасының финалдық кездесуі 30 мамыр күні Мажарстан астанасы Будапешт қаласындағы «Пушкаш Арена» стадионында өтеді. Бас жүлде үшін «Арсенал» мен «Пари Сен-Жермен» клубтары өзара бақ сынайды.
Еске салсақ, турнирдің қазіргі чемпионы — «Пари Сен-Жермен». Франциялық клуб қатарынан екінші рет финалға шығып отыр.