Душанбе қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің IV парламентаралық форумы өтті
Душанбе қаласында «Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлік» тақырыбына арналған Орталық Азия мемлекеттерінің IV парламентаралық форумы өтті. Атаулы жиынға өңір мемлекеттері парламенттерінің басшылары мен делегациялары қатысты.
Тәжікстан Республикасы Жоғарғы Жиналысы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, Душанбе қаласының әкімі Рустами Эмомалидің төрағалығымен өткен іс-шараға Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева, Қазақстан Республикасы Құрылтайының төрағасы Айбек Дәдебай, Түркіменстан Мәжілісінің төрағасы Дүниягөзел Гүлманова және Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңеші төрағасының бірінші орынбасары Медербек Алиев қатысты.
Форум барысында Орталық Азия елдері парламенттерінің басшылары сөз сөйлеп, ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен форум жұмысына қатысты пікірлерін білдірді.
Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева өз сөзінде өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, өзара сенім мен тату көршілік қатынастарды дамыту мәселелеріне назар аударды.

– Бірлескен күш-жігердің арқасында Орталық Азия сенім мен өзара тиімді ынтымақтастық кеңістігіне айналды, – деді Танзила Нарбаева. – Әрбір мемлекет ортақ күн тәртібін жаңа бастамалармен және нақты істермен толықтырып, осы үдеріске өз үлесін қосып келеді. Қазір болып жатқан өзгерістер – мемлекеттеріміз басшыларының тарихи еңбегінің нәтижесі. Олардың саяси ерік-жігері, стратегиялық көзқарасы және өзара тиімді шешімдер табуға деген ұмтылысы қордаланған қайшылықтарды еңсеруге әрі Орталық Азиядағы қарым-қатынастарды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Сенат басшысы Орталық Азияда өзара сенім нығайып, тату көршілік пен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілген қазіргі жағдайда парламенттердің міндеттеріне қатысты маңызды бастамаларды ұсынды. Атап айтқанда, мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген келісімдердің орындалуын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету, олардың жүзеге асырылуын бақылау және жергілікті кеңестер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі айтылды.

Ортақ қатерлерге қарсы үйлесімді іс-қимыл жасау, жастарды қорғау және Ауғанстанның бейбіт дамуына жәрдемдесу маңызды екені атап өтілді.
Сауда кедергілерін азайту, бірлескен өндіріс орындары мен көлік дәліздерін дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне де назар аударылды. Суды ұтымды пайдалану, «жасыл» технологияларды ынталандыру, мұздықтарды сақтау және Арал апатының зардаптарын жеңілдету қажеттігі айтылды. «Жасыл» өзгерістерді, су үнемдеуді және су шығынын азайтуды ынталандыратын құқықтық тетіктер жөнінде бірлескен парламенттік талқылау өткізу ұсынылды.
Әйелдер мен жастардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік беруді кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Қатысушылар Душанбе форумының соңында парламентаралық серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері арасындағы достық, сындарлы және өзара тиімді қатынастарды одан әрі дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Іс-шара соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Душанбе декларациясы қабылданды.