Үндістанда «Starlink» қызметіне уақытша шектеу қойылды
Үндістан билігі америкалық кәсіпкер Илон Маск негізін қалаған «Starlink» спутниктік интернет желісіне ел аумағында коммерциялық қызметті бастау үшін қажетті соңғы рұқсаттарды беруді уақытша тоқтатты.
Bloomberg мәліметінше, мұндай шешімге Таяу Шығыстағы Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс кезінде «Starlink» терминалдарының пайдаланылғаны жөніндегі алаңдаушылық себеп болған.
Үндістан Ішкі істер министрлігіне қарасты қауіпсіздік қызметтері Иран аумағында ресми лицензиясыз «Starlink» жабдықтарының қолданылғаны туралы ақпараттан кейін компанияға берілетін соңғы рұқсаттарды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған.
Бұл жағдай тек «Starlink» жобасына ғана емес, Үндістан нарығына шығуды көздеп отырған өзге де спутниктік байланыс операторларына әсер етуі мүмкін. Өйткені радиожиіліктерді бөлу тетігін бекіту үдерісі де күрделене түскен.
Нью-Дели халықаралық дағдарыстар мен геосаяси шиеленістер жағдайында ел заңнамасы мен қауіпсіздік талаптарының толық сақталуына қатысты нақты кепілдіктер талап етіп отыр.
Осыған байланысты Үндістан билігі спутниктік байланыс қызметтерін іске қосу мәселесінде қауіпсіздік талаптарын бірінші орынға қойып, барлық рәсімдердің мұқият тексерілуін қамтамасыз етуді көздеген.