Өзбекстандық белсенді жастар «World Food Forum – 2026» халықаралық форумына қатысуда
Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару тиімділігі агенттігі, Ауыл шаруашылығы және Су шаруашылығы министрліктері, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) мен Ауыл шаруашылығын дамытудың халықаралық қоры (IFAD) бірлесіп, «Өзбекстанның ауыл және су шаруашылығы салаларына арналған жас таланттар» атты ұлттық байқау өткізген болатын.
Өзбекстанның ауыл және су шаруашылығын дамыту, салаға ақылды, болашағынан зор үміт күттіретін жас мамандарды тарту және олардың әлеуетін халықаралық тәжірибе негізінде арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауда ең дарынды жастардың ішінде бесеуі жеңімпаз атанды.
Олар қазір Италияда өтіп жатқан «World Food Forum – 2026» халықаралық форумына қатысып жатыр.
Айта кетейік, Дүниежүзілік азық-түлік форумы (WFF) – Жаһандық жастар қозғалысының бастамасы. Ол әлем жастарының басын қосып, орнықты, инклюзивті әрі сыртқы ықпалдарға төзімді азық-түлік жүйелерін дамытуға бағытталған жаһандық платформа саналады.

62 елді қамтып, ондаған мың жасты бір арнаға тоғыстыратын бұл платформа жастар бастамасымен жүзеге асырылатын жобалар мен практикалық іс-қимылдарды қолдайды. Сонымен қатар жас ұрпақ өкілдеріне ауыл шаруашылығы мен азық-түлік жүйелерін жаңғыртуға, инновациялық шешімдерді ілгерілетуге және орнықты болашақты қалыптастыруға белсенді атсалысуға мүмкіндік береді.
Форум аясында байқау жеңімпаздары «Global Youth Action» бағыты бойынша «Жастар – орнықты мал шаруашылығының болашағы жолында: ұлттық диалогтан өңірлік ынтымақтастыққа» тақырыбындағы өңіраралық сессияға қатысты. Онда жастар арасында шаруашылықты кәсіп еткендермен өткізілген ұлттық консультациялардың нәтижелері талқыланды. Жастардың қажеттіліктері мен ұсыныстары халықаралық деңгейде көтеріліп, өңірлік ынтымақтастық жөнінде бірлескен ұсынымдар әзірленді.
Айта кетейік, байқау жеңімпаздары 2027 жылы FAO және Ауыл шаруашылығын дамытудың халықаралық қорымен (IFAD) келісілген жоспар-кестеге сәйкес кезең-кезеңімен халықаралық тағылымдамадан өту бағдарламаларына тартылады.