Өзбекстанда «жасыл» энергия өндірісі 32 пайызға өсті
2026 жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша Өзбекстанда «жасыл» энергия өндірісі айтарлықтай өсіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға артты. Бұл республика көлемінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтиже бере бастағанын көрсетеді.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында елдегі ірі қуатты күн және жел электр станциялары жалпы көлемі 3 миллиард 421 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 794,4 миллион киловатт-сағатқа көп.
Атап айтқанда, күн фотоэлектр станциялары 1 миллиард 877 миллион киловатт-сағат, ал жел электр станциялары 1 миллиард 544 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндірген.
Осының нәтижесінде 912 миллион текше метр табиғи газ үнемделіп, атмосфераға шамамен 1,9 миллиард тонна зиянды заттың шығарылуына жол берілмеді.
Өзбекстан Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында күн және жел электр станциялары 2 миллиард 626,6 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндірген. Оның 1,5 миллиард киловатт-сағаты күн энергиясына, ал 1,1 миллиард киловатт-сағаты жел энергиясына тиесілі болған.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда өндіріліп жатқан мұндай көлемдегі электр энергиясы орта есеппен 4 миллион отбасының төрт айлық немесе 1,4 миллион отбасының бір жылдық тұтынуын қамтамасыз етуге жетеді.