Қытай – Өзбекстан бизнес-форумы ұйымдастырылды
Қарақалпақстан Республикасы делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары аясында екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту, ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Қытай (Сычуань) – Өзбекстан (Қарақалпақстан) бизнес-форумы ұйымдастырылды.
Аталған шараға Сычуань провинциясының Халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу кеңесі төрағасының орынбасары Ванг Гуанг Жун және 150-ден астам ірі қытайлық инвестор мен кәсіпкер қатысты.
Бизнес-форумда Қарақалпақстан Республикасы Жоқарғы Кеңесінің төрағасы Аманбай Орынбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы тарапынан Арал маңы өңіріне көрсетіліп жатқан ерекше қолдау, кәсіпкерлікке жасалған қолайлы инвестициялық ахуал мен арнайы жеңілдіктер топтамасы жөнінде жан-жақты мәлімет берді.

Іс-шара барысында «Ji An Tai International Industries» және «China Railway Construction Heavy Industry» секілді ірі компаниялардың басшылары Қарақалпақстандағы қолайлы бизнес ортаны жоғары бағалап, әріптестерін өңірмен белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Кездесулер соңында екіжақты қарым-қатынасты жаңа кезеңге көтеретін бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Экономикалық дамудағы ынтымақтастықты дамыту жаһандық қауымдастығымен Нөкіс қаласында қытайлық инвесторларды тарту бойынша арнайы кеңсе ашуға қатысты меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ форум аясында мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, электротехника, геология, ауыл шаруашылығы, қорғаныс мақсатындағы дрондар өндіру және жиһаз өнеркәсібі бағытындағы ірі компаниялармен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік қуаттарын Қарақалпақстанда орналастыру мәселелері келісілді.
Бизнес-форум қорытындысында автомобиль жасау, агроөнеркәсіп және тоқыма салаларында жалпы құны 245 миллион АҚШ долларына тең инвестициялық келісімшарттар топтамасына қол қойылды.