Өзбекстан Президенті БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының басшысымен кездесу өткізді
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 13 мамыр күні елімізге ресми сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA) атқарушы директоры Диене Кейтаны қабылдады.
Кездесу басында UNFPA басшысы Мемлекет басшысына БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.

Кездесу барысында БҰҰ-ның халықтың қоныстануы саласындағы беделді институтымен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылды.
Соңғы жылдары Өзбекстанның UNFPA-мен ынтымақтастығы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгені атап өтілді. Репродуктивті денсаулық, гендерлік теңдік, демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағыттарында маңызды жобалар жүзеге асырылды. Қор еліміз тарихындағы алғашқы халық және ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге белсенді қатысты.

Ана мен бала денсаулығын нығайту, жас отбасыларды қолдау, қыз-келіншектердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау салаларындағы оң нәтижелер ерекше атап өтілді.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, соның ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Өзбекстанда және БҰҰ аясында жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізуге уағдаласты.