Президент азық-түлік қауіпсіздігі және мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша тапсырма берді
Президент Шавкат Мирзиёев азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мал шаруашылығын қолдау шараларына арналған жиналыс өткізді.
Өзбекстанда азық-түлікті тұрақты қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау, қайта өңдеу және экспорттау бағытында кең мүмкіндіктер жасалған. Бүгінде 4 миллион гектар егіс алқабы, 1,5 миллион тоннаға арналған сақтау қоймалары және 3,5 миллион тонна өнімді өңдеу қуаттары халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ 4 миллиард доллар көлемінде экспорт жасауға жол ашып отыр.
Өзбекстан 2030 жылға қарай азық-түлік экспорты көлемін 10 миллиард долларға жеткізіп, экспорт географиясын тағы 100 елге кеңейтуді мақсат етіп отыр.
Отырыста осы межеге жету үшін азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін халықаралық стандарттарға толық сәйкестендіру қажеттігі атап өтілді.
Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі мен бақылауын үш түрлі ведомство жүзеге асырып келеді. Соның салдарынан санитарлық, ветеринарлық және карантиндік органдар арасында бірыңғай ақпараттық база қалыптаспаған, ал кейбір функциялар бірін-бірі қайталайды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге экспорт-импорт үдерістерінде артық қиындықтар туғызуда.
Өсімдіктер карантині агенттігінде 100, Ветеринария комитетінде 115, ал санитариялық-эпидемиологиялық жүйеде 44 түрлі міндет пен функцияның бар екені атап өтілді. Сонымен қатар өнімді «өндірістен тұтынушыға дейін» толық бақылап отыратын жүйенің әлі де толық жолға қойылмағаны көрсетілді.

Экспорт бағытында да шешімін күткен мәселелер бар. Атап айтқанда, Еуропалық Одақ тарапынан отандық өнімдерде пестицид қалдықтарына байланысты 25 ескерту жасалған. Бұл халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін бақылау жүйесін түбегейлі жаңартуды талап етеді.
Қазіргі таңда бақылаушы органдар тек дайын өнімді тексерумен ғана шектеліп отырғаны, ал өндіріс тізбегі бойында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық стандарттарды енгізуге жеткілікті деңгейде назар аударылмағаны атап өтілді.
Осыған байланысты азық-түлік қауіпсіздігі саласын терең реформалау және халықаралық талаптарға сай бірыңғай орталықтандырылған жүйе құру міндеті жүктелді.
Жаңа тәсіл аясында «даладан дастарқанға дейін» қағидаты енгізіліп, барлық бақылау үдерістерін қамтитын Азық-түлік қауіпсіздігі комитеті құрылмақ. Бұл құрылым өсімдіктер карантині, Ветеринария комитеті және Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің тиісті бағыттарын біріктіреді.
Жаңартылған жүйеде кәсіпкерлерге кедергі келтіретін артық тексерулер қысқартылып, міндетті сертификаттау талаптары жойылады. Оның орнына тәуекелге негізделген бақылау тетігі енгізіледі.
Бүгінде республикадағы 80 мың нысанның небәрі 1,6 мыңында, яғни 2 пайызында ғана мұндай тәртіп қолданылып отыр. Енді қауіпті өнімдер туралы жедел хабар беріп, оларды нарықтан қайтарып алуға мүмкіндік беретін электронды жүйе енгізіледі.

Алдағы жоспарларға сәйкес, 2029 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеміс-көкөніс экспорты тек агрологистикалық орталықтар арқылы жүзеге асырылады. Экспорттық әлеуеті жоғары ірі азық-түлік кәсіпорындарын халықаралық тәуекелдерді талдау стандарты мен Алиментариус кодексі талаптарына көшіру жөнінде арнайы бағдарлама әзірленеді. Бұл көрсеткіш 2028 жылға дейін 20 пайызға, 2030 жылға дейін 60 пайызға, ал 2032 жылға қарай 100 пайызға жеткізіледі.
Жеміс-көкөніс шаруашылығына маманданған 20 ауданда ішкі фитосанитариялық сертификаттарды рәсімдеуге жәрдемдесетін қоғамдық инспекторлар қызметі жолға қойылады. Бұдан былай жеміс-көкөніс экспортының статистикасы өнім қай өңірде өндірілсе, сол өңір бойынша есепке алынады.
2027 жылдан бастап зертханалық тексерулер, жануарларды вакцинациялау, дезинфекциялау және сәйкестендіру сияқты 6 мемлекеттік функция жеке секторға беріледі. Өңір әкімдеріне жыл соңына дейін осы қызметтер бойынша кемінде 2 жекеменшік зертхана мен ветеринария клиникасын ашу тапсырылды.
Әрбір өнім түрін онлайн бақылау жүйесі енгізіледі. Фермерлер мен диқандар үшін «Агро көмекші» мобильді қосымшасында электронды «Дала дәптері» жүйе іске қосылады. Бұл жүйе арқылы жасанды интеллект зиянкестердің таралуын алдын ала болжай отырып, шаруаларға нақты ұсыныстар береді.
Адал әрі тиімді жұмыс істейтін фермерлердің рейтингі жасалып, оларға қосымша жеңілдіктер қарастырылады. 2027 жылдың 1 наурызына дейін азық-түлік қауіпсіздігіне арналған бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық платформа іске қосылады. Ол шекарадағы «Бір терезе» жүйесімен ықпалдастырылып, экспорттаушыларды артық бюрократиялық рәсімдерден босатуға мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе арқылы импорттағы бақылау уақыты 9 күннен 2 күнге, ал экспортта 3 күннен 1 күнге дейін қысқарады. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің өнімді қоймада сақтау шығындары жылына 70 миллиард сумға дейін үнемделеді.

Жиында мал шаруашылығы мен жайылымдық алқаптарды дамыту мәселелері де талқыланды.
Сараптамалық деректерге сүйенсек, кейінгі 25 жылда әлем елдерінің 42 пайызында ірі қара саны 12 пайызға азайған. Бұған қымбат жем-шөп, құрғақшылық, экологиялық факторлар, жоғары пайыздық мөлшерлемелер және табыстың төмендеуі әсер еткен. Соның салдарынан әлемдік нарықта ет бағасы рекордтық деңгейге жеткен.
Ал Өзбекстанда мал шаруашылығын дамытуға әлеует жеткілікті. Еліміз аумағында 16 миллион гектар жайылым болса да, оның небәрі 10 пайызы ғана тиімді пайдаланылып отыр.
Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Мал шаруашылығы және жайылым шаруашылығын дамыту агенттігі құрылады. Жаңа құрылым қолданыстағы ветеринария және мал шаруашылығын дамыту жүйесі негізінде жұмысын бастайды.
Жаңа агенттікке ірі қара санын 16,5 миллион басқа, қой-ешкі санын 30 миллионға, құс санын 141 миллионға жеткізу міндеті жүктелді. Сонымен қатар ет пен сүтті өңдеу деңгейін 50 пайызға дейін арттыру, асыл тұқымды мал үлесін 90 пайызға жеткізу, жем-шөп дақылдарының егіс алқабын 1,5 есеге ұлғайту жоспарланып отыр.
Жем-шөп базасын нығайту және асылдандыру жұмыстарын жетілдіру мақсатында Қарақалпақстан Республикасы мен әр облыстан бір аудан мал шаруашылығына мамандандырылады.
Бұл аудандарда мақта және астық алқаптарының 50 пайызына жем-шөп дақылдарын егуге рұқсат беріліп, оған 10 пайыздық жеңілдетілген несиелер бөлінеді. Барлық фермерлік шаруашылықтарға жалға алған жерінің 20 сотық бөлігінде артық құжатсыз жеңіл құрылымды нысандар, жем-шөп қоймалары мен силос шұңқырларын салуға мүмкіндік беріледі.
Жыл соңына дейін кемінде 10 гектар жері бар 28 746 фермерлік шаруашылықта 2 миллион бас ірі қара өсіру ұйымдастырылмақ.
Мал шаруашылығын қаржылай қолдау тетіктері де кеңейтіледі. 1 маусымнан бастап коммерциялық банктер жылдық 10 пайызбен, 4 жыл жеңілдік мерзімі бар 10 жылдық несиелер береді. Асыл тұқымды мал импорттаушылар 2029 жылға дейін қосылған құн салығынан босатылады.
Банктерге жылдық 6 пайызбен 1 триллион сум және 50 миллион доллар көлемінде қаржы ресурстары орналастырылады. Осы қаражат есебінен биыл 5,5 триллион сумдық 1,5 мың жоба іске қосылып, 25 мың жаңа жұмыс орны ашылады және ірі қара саны 400 мың басқа көбейеді деп жоспарланған.
Кадр даярлау және асыл тұқымды мал санын арттыру бағытында да жаңа бағдарлама қолға алынады. 1 маусымнан бастап жетекші аграрлық жоғары оқу орындарында жасанды ұрықтандыру бойынша 10 күндік курстар ұйымдастырылады. Жыл сайын кемінде 1 мың маман даярланып, олар қажетті құрал-жабдықтармен тегін қамтамасыз етіледі.
Үй шаруашылықтарында жасанды ұрықтандыру арқылы алынған әрбір асыл тұқымды бұзау үшін 500 мың сум, ал эмбрион көшіру кезінде 700 мың сум субсидия төленеді. Бұл мақсаттарға қосымша 50 миллиард сум бөлінеді.
Жиын барысында жауапты тұлғалардың баяндамалары, кәсіпкерлер мен фермерлердің ұсыныстары тыңдалды. Жаңа жүйені өңірлерде тиімді енгізу, ауыл шаруашылығы субъектілеріне нақты қолдау көрсету, мал шаруашылығында жем-шөп базасын нығайту, асылдандыру, өңдеу және экспорт мүмкіндіктерін кеңейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.