Өзбекстан мен Қытайды байланыстыратын жаңа әуе бағыты ашылды
Өзбекстан мен Қытай арасын байланыстыратын тағы бір жаңа әуе бағыты ашылды.
«Uzbekistan Airways» әуе компаниясы Ташкент–Гуанчжоу бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады. Жаңа әуе қатынасы Өзбекстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туризм салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.
28 мамыр күні «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы Ташкент–Гуанчжоу бағыты бойынша алғашқы рейсті орындады.
Қытайдың Гуандун провинциясының орталығы саналатын Гуанчжоу қаласындағы Байюнь халықаралық әуежайында рейс экипажы мен жолаушыларды өңірлік авиация басқармасы, әуежай әкімшілігі, әуе компаниясы басшылығы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.
Байюнь халықаралық әуежайы бас директорының орынбасары Ци Яоминнің айтуынша, жаңа бағыт екі қала арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп қана қоймай, ежелгі Ұлы Жібек жолының заманауи жалғасы ретінде де маңызды рөл атқарады.
Оның атап өтуінше, Қытайдың ірі халықаралық сауда орталықтарының бірі саналатын Гуанчжоу мен Орталық Азиядағы маңызды көлік-логистика орталығы Ташкент арасындағы тікелей әуе қатынасы сауда, инвестиция және мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына жаңа серпін береді.
Қытайлық туристер де жаңа рейстерге оң бағасын беріп, олардың Өзбекстанның бай мәдени-тарихи мұрасымен, әсіресе Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларындағы әлемге әйгілі тарихи ескерткіштермен танысу мүмкіндігін арттыратынын атап өтті.
Мәліметке сәйкес, Ташкент–Гуанчжоу бағыты бойынша рейстер 28 мамырдан бастап аптасына бір рет — әр сәрсенбі күні орындалады. Сонымен қатар, Гуандун провинциясынан Ташкентке қатынайтын тікелей әуе рейстерінің саны аптасына 12-ге жетті.
Жаңа әуе бағыты екі ел арасындағы туристік ағынның артуына және іскерлік байланыстардың нығаюына да кең мүмкіндік ашып отыр.