Техастағы ұшақ апаты: 5 спортшы қаза тапты
Техас штатында спортшыларды алып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады.
Fox News мәліметінше, «Pickleball» ойынына қатысатын спортшыларды алып бара жатқан ұшақтағы бес адамның барлығы көз жұмған.
Қайғылы оқиға Остин қаласынан 64 шақырым жерде орналасқан Уимберли елді мекенінде болған. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз.
Әуе кемесі «Amarillo Pickleball Club» мүшелерін турнирге алып бара жатқан. Сол күні Амарилло қаласынан ұшқан екі ұшақтың бірі діттеген жеріне аман-есен жетсе, екіншісі радардан жоғалар алдында күмәнді қозғалыстар жасаған.
Оқиға орнында ұшақтың төтенше дабыл жүйесі іске қосылып, диспетчерлер дереу құтқару қызметтеріне хабар берген. Мамандардың айтуынша, ұшу кезінде аймақта найзағай мен жаңбыр болған болуы мүмкін.
Клуб президенті Ден Даэр қаза тапқан спортшыларды команданың ең тәжірибелі әрі жігерлі ойыншылары ретінде еске алды.
Қазіргі уақытта АҚШ-тың федералдық авиация органдары апаттың себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.